ДАМУ

"Сыбырлау, тамақ жеу, сабынды ұсауқтау": ASMR деген не?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлемде ерекше видеолардың бірі – ASMR.  Қызығы сол – видео авторлары микрофонға жақындап отырып сыбырлайды, енді бірі дыбысын шығарып тамақ жейді. Кейбірі сурет салады, енді бірі шаш сәндейді. Bugin.kz порталы аталмыш видеолар жөнінде қызықты мәліметтер ұсынады.

Autonomous Sensory Meridian Response (ASMR) сөзі "автономды сенсорлық меридиандық реакция" деген мағына білдіреді. Нақтырақ айтсақ, бәсең, діріл, сыбыр дыбыспен түсірілетін видеолар тыңдаушының жүйке жүйесін тыныштандырады.

2010 жылы ең алғаш рет америкалық Дженнифер Аллен АСМР бейнежазбаларды түсірген. Киберқауіпсіздік саласында жұмыс атқаратын ол ғарыштық дыбыстарды тыңдағанда, жаны тыныш тауып, рахат алатынын байқаған. Алайда ол видеолардың нақты атауы қалай екенін білмеген. Бұл туралы әлеуметтік желіге "Біртүрлі, бірақ жағымды сезім екен" деп, жазба жариялайды. Сонда мұндай оқиға тек Алленнің ғана емес, оқырмандарының да басынан өткен екен. Кейінірек Дженнифер әлеуметтік желілердің біріне видеолар салатын топты тіркеп, оған ASMR Group атауын берді.

Фото: BBC

Фото: BBC

Содан бері 13 жыл ішінде ASMR-ге деген қызығушылар саны қарқынды өсті. Қазір YouTube-те, кем дегенде, 500 мың арна және ASMR видеолар түсіретін көптеген блогер бар. Осы уақыт ішінде олар желіге шамамен 25 миллиондай бейнежазба жариялаған.

ASMR бейнелердің бірнеше түрі бар:

Дыбыстар. Бұл санатқа сыбырлау, тырнақпен экранды түрту, қағазды умаждау, пернетақтада теру, кітап беттерін парақтау, тіпті, тырнау жатады.

Әдемі бейнелер. Кей көрермен түрлі-түсті бояуды араластыратын, жұмсақ заттарды кесетін бейнені көргенді ұнатады.

Тамақ. ASMR-дың бұл түрінде автор дыбысын шығарып, қатты шайнап, жұтынып тамақ жейді. Бұл көрушінің тәбетін ашып әрі жанына тыныштық сыйлайды.

Фото: YouTube

Фото: YouTube

Рөлдік ойын. Мұндай видеоларда ASMR әртістері мини-қойылым қойып, бірнеше рөлдерді ойнайды. Сонымен қатар олар камерамен ұзақ уақыт көзбе-көз байланыс орнатуға тырысады. Объективті сипалап, көрерменге қол тигізгендей әсер қалдырады. Мұндай ерекше назар көрерменге қауіпсіздік пен жақындық сезімін сыйлайды.

Ұсақтау. Ерекше заттардың (кинетикалық құм, губкалар, сабындар және т.б.) ұсақталғанын көргенді ұнататындардың да саны көп.