Bugin

"Спектакль болуы әбден мүмкін": Жаңа сайланған депутаттардан не күтеміз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс сайлауының қорытындысы бойынша партиялық тізімдер жарияланып, 29 наурызда Жаңа Қазақстан Мәжілісінің алғашқы отырысы өтті. Bugin.kz тілшісі саясаттанушы, қоғам қайраткерлерінің су жаңа депутаттардан не күтуге болатынын сұрап білді.

Сайлау институты қаншалықты өзгерген?
Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымда сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылғанын, ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанып, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түскенін айтты. Дегенмен саясаттанушы Дос Көшім сайлаудың әділетсіз өткендігін алға тартып, бұл сөздерге күмән келтірді.

"Сайлау институты бұрын қандай болса қазір сол күйінде қалды. Менің ойымша, тіпті нашарлады. Себебі мен биылғы сайлаудың бақылаушыларын оқыттым және маған сайлаудан хабар беріп тұруын өтіндім. Әлеуметтік желідегі шығып жатқан мәселелерге де қарағанда сайлау жүйесі бойынша кері кеткен сияқтымыз. Әділетті сайлаудың ауылы одан сайын алыстағандай. Мұның ішіндегі ең басты мәселенің бірі – прокуратура мен соттың жұмысы. Олардың тек қана осы сайлау жүйесін қорғау бағытында ғана жұмыс істеп жатқаны ашу–ыза тудырады" - дейді саясаттанушы. 

Бұл сөзге белгілі қоғам қайраткері Жанұзақ Әкім де қосылды. 
 

"Іске келгенде бірінші президенттің кезіндегі азғындықтан асып кеттік. Дауыс ұрлау да соған қатысты. Бұл мәжілісте зиялылар жоқ. Ал зиялыларсыз ұлт қалыптаспайды. Біз дәл қазір ұлттық идеологияны қалыптастыратын кезеңде мұндай азғындықтың болуы масқара жағдай. Әрине, тобыр деп айтуға болмас. Бірақ сондай күйге түсіп кеттік" - дейді Жанұзақ Әкім.

Жаңа партиялардан не күтеміз?
Мәжіліске жалпы саны 6 партия өтті. Оның ішіндегі «Аманат», «Ақ жол» және Қазақстан халықтық партиясының саяси аренада тәжірибесі мол. Ал «Ауыл», «ЖСДП» және «Республика» партиялары Мәжіліске алғаш рет келді, олар заң шығару жұмыстарына дағдылануы керек. Дей тұрғанмен ескі партиялардың да, жаңа партиялардың да қалыптасқан жүйені өзгертуі екіталай. 
"Су жаңа депутаттардың келуімен елімізде ауқымды өзгерістер болмайды. Кішігірім косметикалық, демократияның нышанын білдіретіндей бастамалар болуы мүмкін. Бірақ жүйе сол күйінде қалады.
Мәжіліске жаңадан келіп жатқан партиялардың бәрі бұрынғы партиялармен бірдей. Біз де қазір "партия" деген сөз өзінің мағынасынан толық айырылған сияқты. Белгілі бір ерекше идея көтерген, саяси мақсат қойғандардың тобы емес, парламентке өту үшін жиналған ресми түрдегі бір топ сияқты болып қалды. "ЖСДП" тарихы бар партия болған соң оны былай қойғанда, не "Ауыл", не Respublica бұрынғы жүйені өзгертеміз, әділетті Қазақстан жасаймыз деген жоқ. Жеңіп шыққан партиялардың аттары бөлек, адамдары бөлек демесең бәрі бірдей сияқты. Олардың келіп-кеткені мәжіліске ешқандай өзгеріс алып келмейтіні айдан анық" -
дейді саясаттанушы Дос Көшім.


Сондай-ақ саясаттанушы Данияр Әшімбаев өзінің телеграм-парақшасында партиялар ұсынған тізімге қатысты пікір білдірді.

"Әрине, партиялар ұсынған тізімде ешқандай энтузиазм тудырмайтын фигуралар бар, бірақ "Аманат" көп жағдайда әжептеуір адамдарды жинаған сияқты.
Тым болмағанда негізгі тұлғалар VIII шақырылымдағы Мәжіліс жұмысындағы сабақтастық пен жаңа дүниелерді қамтамасыз ете алады.
Қалған бес партияның да өте қызықты тізім ұсынғанын ұмытпау керек"
- дейді Данияр Әшімбаев.

Саяси шайқастар бола ма?

Ал партиялар санының көбеюі, өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атануы Парламент сессияларында қызу пікірталастар туындауына алып келе ме деген сұрақтың жауабын болашақ көрсетеді.
"Ондай спектакльдер болуы әбден мүмкін. Бірақ саяси пікірталас жасайтындай әртүрлі бағыттағы саяси топтар жоқ. Билікке қатаң сын айтып жүргендердің арасынан бір-екеуі шығатын шығар. Бірақ ол да бар ма, жоқ па білмейміз. Сайлауға түсіп, жеңіп шыққандарына қарағанда ондайдан аулақ болатын да сияқты" - деген пікірде саясаттанушы Дос Көшім.

Тіл мәселесі
Саясаттанушы тіл мәселесін көтеріп жүріп сайланған кей жаңа депутаттардың алда осы мәселеге қатысты өзгерістер алып келуі шарт екенін айтады.

Менің бұл келген депутаттарға қоятын ең басты шартым – ертең мемлекеттік тіл туралы заң жобасын алып шыға ала ма? Өйткені, сол жердегі көптеген азаматтар тіл жөнінде сөйлеп жүрген адамдар. Алғашқы 2-3 айдың ішінде "мемлекеттік тіл" туралы заң жобасын өзгертетін болса, өздері көтерген мәселелердің шешімін табатын болса кейбір өзгерістердің болуы ықтимал. Бірақ соған батылдары бармайтын сияқты, - дейді Дос Көшім.

Расында да осы уақытқа дейін партияға жақындамаймын деп жүрген айтыскер ақын Ринат Заитов, журналистер Ермұрат Бапи, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайұлы және т.б. су жаңа депутаттардың әлеуметтік желілерде тіл мәселесін көбірек қозғайтынын байқаймыз. Алда бұл мәселенің қалай шешімін табатыны әзірге жұмбақ.