Bugin

Сүлікпен емдеудің пайдасы мен зияны - Маман кеңесі қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сүлікті ерте кезде әулиқұрт деп атаған. Оған себеп – оның түрлі ауруға ем екендігі. Инемен емдеу сияқты сүлік те биологиялық белсенді нүктелерге қадалады. Bugin.kz порталы сүлікпен емдеудің қалай жүзеге асатыны, емдік қасиеттері мен кімдерге қарсы көрсетілімі барын біліп көрді.

Сүліктің емдік қасиетінің сыры – биологиялық белсенді заттарға бай түрлі ферменттерден тұратын сілекейінде. Бүгінде сүлік сілекейі дәрі-дәрмек, косметика жасауға қолданылады. Негізі сүліктің 400-ге жуық түрі белгілі болғанымен, олардың ішіндегі жалғыз – медициналық түрі ғана емге пайдаланылады. Гирудотерапия – арнайы биологиялық шаруашылықтарда өсірілетін, адамның әртүрлі ауруларын емдеу үшін Hirudo medicinalis медициналық сүлгілерін қолдануға негізделген дәстүрлі медицина әдісі.

Интегралды медицина орталығының директоры, гирудотерапевт Орынбасар Жұматаеваның айтуынша, сүлікрен емдеу  адам ағзасына психологиялық, физиологиялық және биохимиялық сынды деңгейлерде де әсер ететін көрінеді.

Сүлікпен емдеу – адамның зат алмасу процесін жақсартады. Яғни ағзадағы артық қалдықтарды ыдыратады. Қан тамырларын ашу арқылы біздің қан айналымыз жақсарады. Соның арқасында ағза жаңарып, бастапқы қалпына келеді. Әсіресе қан қысымының жоғарылауы, бас ауруы, белсіздік, асқазан-ішек жолдарының аурулары, әсіресе бауыр мен ұйқы безі,варикоз, тірек-қимыл аппаратының аурулары кезінде емдеуде көмекке келеді, - дейді ол.

 Расымен де, созылмалы және өткір ауруларды емдеуден бөлек, сүліктер бүкіл ағзаға пайдалы әсер етеді:

  • қан айналымын жақсартады;

  • қанның сапасын жақсартады;

  • ісіну және веноздық тоқырау кетеді;

  • иммунитет күшейеді;

  • дене токсиндерден тазартылады;

  • метаболизмді жақсартады;                

  • атеросклероздың дамуы баяулайды.

Емдеуге көбіне белсенді және аш сүліктер пайдаланылады. Олар сағатына 10-15 мл.-дей қан сорып үлгереді.

"Сүліктер әдетте белсенді нүктелерді өздері тауып алады. Бірақ кейбір жағдайда біз бағыт-бағдар береміз. Сүліктерді қолданғанда емделушінің жасына, қосалқы аурулары бар-жағына, денесінің салмағы мен қан қысымының көрсеткішіне мән беріледі. Өзі жабысатын жерін тапқан соң түсетін уақытын да өздері біледі. Себебі, қанды сорып болған соң ісініп, толысады. Теріге жабысып тұра алмай қалады. 40-50 минуттан артық ұстамауға тырысамыз", - дейді гирудотерапевт Орынбасар Жұматаева. 

Гирудотерапевт Орынбасар Жұматаева

Гирудотерапевт Орынбасар Жұматаева

Маңызды:

  • Медициналық сүліктің емі нәтижелі болуы үшін ағзаның биологиялық белсенділігі жоғары нүктелеріне қою керек

  • Бір емге пайдалынылған сүлікті келесі емге бірден пайдалануға болмайды

  • Сүлікпен ем қабылдаған соң, 1-2 күн суға түсуге болмайды

  • Ем кезінде 5-тен көп сүлік қолданылған жағдайда емделуші 1-2 күн төсек режимін сақтағаны жөн

"Бір сеанста науқасқа диагнозға байланысты 5-тен 15-ке дейін сүлік қоюға болады. Медициналық сүліктермен емдеу курсы 7-10 сеанстан тұрады, кейде қысқа үзілістен кейін екінші курс тағайындалады. Басқа табиғи емдеу әдістері сияқты гирудотерапия да шыдамдылықты қажет етеді. Бірақ көптеген пациенттер әсерін алғашқы сеанстарда-ақ байқайды"- дейді маман.

Гирудотерапияның кімдерге қарсы көретілімдері бар?

  • Қан ұюының бұзылуымен жүретін аурулар (гемофилия, геморрагиялық диатез);

  • анемия (гемоглобин деңгейі 100 г/л төмен);

  • лейкоз;

  • асқазан-ішек жолдарының эрозиялық және ойық жаралы зақымданулары мен ісіктері кезінде;

  • жедел психикалық қозу жағдайында;

  • алкогольдік мас күйде және жүктілік кезінде сүлікпен емделуге болмайды.