ДАМУ
Американың киноиндустриясы кімді болсын қызықтырады. Фантастикалық фильмдер емес, шынайы оқиға негізінде көрерменге жол тартқан туындыларды айтамын. Қарасаң көзің тоймайды. Халық арасынан шыққан батырлар туралы кинолары да жетіп артылады. Бұл – көп елде аса дамымаған үрдіс. Ал енді өзімізге оралсақ.
Қазір көбі «бұрынғы қазақ қандай еді», «аталарымыз батыр болған», «жігіттер майдаланған», «жастарда жүрек жоқ» деп жиі айтады. Иә, бұл пікірлермен келіспеуге болмас. Бірақ аты танылмай қалған қазіргі заман батырларын бірі білсе, бірі білмейді. Қызықпайды. Осыған байланысты Bugin.kz тілшісі 13 жыл бұрын болған оқиғаға үңіліп көрді.
2010 жылдың 22 маусымында Ақтау қаласында орналасқан қатаң режимдегі колониядан 21 тұтқын қашып шығады. Теріс ағымды ұстанған олардың жолына бір ғана сарбаз бөгет болды. Негізі қырыққа жуық адам қашпақ болған екен, қарауылда тұрған Ербол Отарбаев есімді 19 жастағы жігіт қылмыскерлердің бетін қайтарған.
Қанды оқиға болған күнді батыр ешқашан ұмытпайтынын жасырмады.
Бұл күнді ешқашан ұмытпаймын. Барлығы 2010 жылдың 21 маусымында болды. Оңтүстік Қазақстанның Қазығұрт ауылынан келген жігітті Ақтау әскери бөлімшесіне шақырды. Біз қатаң режимдегі колонияны күзететін болдық. Әрқайсымызға үш сағаттан кезекшілік ету керек болды. Мен алтыншы постта болдым, кезекшілік уақытым 18:00-ден 21:00-ге дейін және 3.00-ден 6.00-ге дейін болды. Таңертеңгі намазды оқығаннан кейін, сағат 4:00 мен 6:00 аралығында колонияда трансформатор жанып, бүкіл жарық сөніп қалды. Осы кезде тұтқындар маған қарай жүгіріп, оқ жаудыра бастады. Мен де қару алып, оқ жаудыруды бастадым. Біреуі құлады. Бір кезде мен торға тап болдым, екінші оқжатарды алып, атуды бастадым да тағы бір тұтқынды жарақаттадым. Сол қолыма оқ тиді. Қара киімді адамдардың маған қарай жүгіріп келе жатқаны есімде, тұтқындар деп топшыладым. Жарақаттансам да, шамам келгенше әрекет жасап алтыншы посттан алыстай бастадым. Қашқындар мені қоршауға тырысты. Құладым, мұрнымнан қан кетті. Содан кейін мені қарауыл бастығы көтерді. Ол қанша адам болғанын және қай бағытқа қашып кеткенін сұрады. Қашып кеткендердің нақты санын білмедім бірақ көп деп жауап бердім, сонымен қатар олардың қай бағытта қашып кеткенін көрсеттім. Сол сәтте өлім құшамын деген ой келді. Жедел жәрдем көлігі болса 20-30 минуттан кейін ғана келіп, мені ауруханаға жеткізді, - деп еске алады Отарбаев.
2018 жылы «Алтыншы бекет» фильмі қалың көрерменге жол тартты. Картинада бала кезден дос болған екі жігіттің өмір жолы екі бөлінгенін көресіз. Ербол әскерге аттанады. Досы болса Ерболдың сүйген қызын байқаусызда өлтіріп қояды. Көгілдір экраннан көрсеңіз, оңай емес. Сюжеттің шебер жазылғаны сол екен, бірнеше жылға сотталған досы дәл Ербол борышын өтеп жүрген аймаққа тап болады. Бір жерде екі түрлі өмір: бірі адам өмірін қиған - қылмыскер, екіншісі түн тыныштығын күзеткен - сарбаз. Балалық шақтары бірген өткен жақын достар еді.
Әрі қарай жоғарыда кейіпкердің өзі айтқандай шиеленісу басталады. Бірнеше адам оққа ұшты. Қашып құтылмақшы болған 21 адамның он бесі ұстау барысында қаза тапқан.
Президент жарлығымен жауынгерлік қызметті атқару кезіндегі батылдығы мен ерлігі үшін ол ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қазір ол 33 жаста.