Отбасы
Қазақ халқымен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар халқымыздың өмірінде, салт-дәстүрінде, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс тапқаны сөзсіз. Ырым-тыйым арқылы халқымыз бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді ескерту және т.б. ойларды жеткізе білген.
Бүгінге дейін жеткен кейбір ырым-тыйымдар бағзы замандардағы шамандық, тәңірлік наным-сенімдердің сипаты, белгісі ретінде де көрініс беретіні де жасырын емес. Қоғамның қалыптасу тарихындағы рухтарға табынған тотемизм, аңдарға табынған анемизм, тас мүсінге табынған фетишизм және отқа табынушылықтан қалған ырымдар да бар. Мәселен, келін түскенде отқа май құю, жаңа қонысты немесе бесікті отпен аластау секілді жоралғылар соның айқын дәйегі. Қанша дегенмен, ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан алып тастау мүмкін емес.
Данышпан халқымыз ештеңені де жәйдан-жәй шығармаған. Оның түп төркінінде үлкен халықтық дүниетаным жатқандығы рас. Ертеден келе жатқан сансыз ырымдардың әлі күнге дейін өшпей жалғасып келе жатқандығы соның дәлелі. Мәселен, «Табалдырыққа тұрма», «Табалдырықты оң аяқпен атта» деген сөздер күнделікті тұрмыста, той-томалақтарда жиі еститін ырымдардың бірі. Себебі, халқымыз табалдырықты – екі арадағы өткел деп бағалаған. Жақсы ниетпен кірсеңіз, осы жолыңыздағы мақсатыңыз сәтті болмақ деген тағылымды ой айтқан.
Сондай-ақ қыдырып, қонаққа келген жас баланы үйден құр қол қайтармайды. Бұл – «сәбидің меселі қайтпасын, көңілі қалмасын, жүрегі суымасын, үйде оттай ыстық ықыласы қалсын» деген ырымнан туған ежелгі салт. Егер сәби үй иелерінен суық рай көріп, кейіген кейіппен қайтса, ол шаңырақтан ырыс кетеді деп ырымдалады.
Бала күннен үлкендер «Бүйіріңді таянба» «бетіңді баспа», «Табалдырыққа тұрма», «Үйдiң iшiнде ысқырма», «Үйді, кісіні айналып жүгірме», «Босағаны керме» сынды сантүрлі ырымдарды алға тартып, үнемі тыйым етіп отыруды әдетке айналдырған.
Белді таянбайды. Себебі жақын адамы қайтыс болғанда жоқтау айтып жылаған әйел ғана белін таянады. Жақты таянып, бетті басуға болмайды. Қайғы-қасіреттен әбден қажыған адам ғана жағын демеу етіп, таянады, бетін басады.
Жуған қолды сілкісе, ырыс-несібе кетеді. Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Себебі, жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді
Ырым-тыйымдарымыз тазалық пен қоршаған ортаға деген сыйластыққа да үгіттейді. Мәселен, түнде тамақтың бетін ашық қалдыруға болмайды деген ойдың түптамыры тамаққа зиянды заттар түспесін дегенді білдіреді. Сондай-ақ, «Нанның үгіндісін аяққа баспа» деген сөздерде дәмге, оны дастарханға келтіретін еңбекке деген құрмет сезімінің ізі бар. Сондай-ақ ата-бабамыз «Тал кескенше, қолыңды кес», «Қарағай кессең, қаңғырып қал» деп өсіп тұрған ағашқа тигізбейді.