ДАМУ
Рим империясының өркендеуі тарихтағы алтын кезең болып саналады. Бірақ ел тұрғындарының күнделікті өмірі қарапайым болды. Олардың өмір сүру салты жиырма біріші ғасырдағы адамды таң қалдыруы әбден мүмкін.
Киім жуу және тісті зәрмен тазалау
Ежелгі Римнен келе жатқан "ақшада жағымсыз иіс болмайды" деген мақал бүгінгі күні де танымал. Бірақ оның қайдан келгенін екінің бірі біле бермейді. Бірінші ғасырда император Веспасиан қоғамдық дәретханаларға салық салған. Бұл бекер емес еді, өйткені ол кездегі табысты кәсіптің бірі - дәретхана бизнесі болды, ал зәр нағыз сұйық алтын болып саналатын.
Зәрдің көмегімен теріні жұмсартып, жануарлардың жүнін өңдеп, анар ағаштарын ұрықтандырды. Сондай-ақ, зәр ақ маталарды ағарту және түрлі-түсті түстерді жақсарту үшін кір жуатын бөлмелерде таптырмас «химиялық затқа» айналды.
Бірақ "сұйық Алтынды" қолдану мұнымен шектелмеді. Рим ақыны Катуллустың айтуынша, кейбір дворяндар зәрді тістерін тазартып, ағарту үшін қолданған. Айтуға ауыз бармайды.
Ақылы өрт сөндірушілер
Ең жоғары даму кезеңінде ежелгі Рим халқының саны миллион адамға дейін жетті. Ол кезде бұл аса ірі қала болатын. Таңғалатын түгі жоқ, мұндай халықтың тығыздығына байланысты өрт жиіледі. Ол кезеңде түн ортасында сірке суына малынған шүберегі бар, өрт сөндіре алатын патрульдер көшеде жүрді. Қызығы сол, олар ақша алмаса ештеңе істемейді. Бірінші пұл төлейсің, сосын өртті өшіреді.
Гай Юлий Цезарь кезінде Маркус Лициниус Крассқа тиесілі өрт сөндіру бригадасы танымал еді. Оның өрт сөндірушілері өртті сөндіріп қана қоймай, кейіннен арзан бағамен қайта сату үшін жәбір көрген тұрғындардың мүлкін тез сатып алды. Зардап шеккендердің екі таңдауы бар: не бүкіл дүниесінің отқа оранғанын қарап тұрады немесе ішіндегі мүлікті арзан бағада әлгі өрт сөндірушілерге сату керек.
Біздің заманымыздың 64 жылы шілдеде Римде өрт шықты, оны 6 күн тежей алмады. Тілсіз жау қаланың үштен екісі бөлігін жалмады.
Ең дәмді тағамдар Римде
Ежелгі Римнен бізге көптеген қызықты рецептерді табуға болатын «De Re Coquinaria» аспаздық кітабы келді.
Римдіктер пісірілген «ұйқыбас тышқанды» өте жақсы көрді. Оларды саз құмыраларға салып, басын жоғарғы жағына қалдырып, бордақылады.
Ол заманда шошқа миы өте жоғары бағаланды. Шұжық пен құймаққа, бұқтырылған қиярға да соны қосып жеген.
Ал ешкі тезегі энергетиктерді дайындау үшін пайдаланылды. Плинийдің айтуынша, тіпті император Нерон да осындай сусын ішкен. Бұл құралдың әсерін бірінші болып кім бастан өткергені белгісіз.