ДАМУ

"Халық жылап отырып ауыз ашты": Белгілі ақынның балалық шағы сахналанды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Күні кеше Bugin.kz ұжымымен театрға бардық. Басшылық арнайы біздің командаға билет алып берген еді. Кешкі алты жарымда басталған қойылым екі сағатқа созылды. Жақында ғана премьерасы болған "Болмаған балалық шақ" қойылымын көруге бардық. Уақытымыз зая кетпеді.

Бірер жыл бұрын ақын Ақберен Елгезектің "Болмаған балалық шақ" атты кітабы жарық көрді. Елдің ойы сан қилы болған соң, өзім де кітапты оқыдым. Бір түнде бала Ақбереннің әлеміне саяхаттап, жетім баланың тағдырына куәгер болғанмын. Кешегі қойылымға оралсақ.

Екі минут кешіктік. Зал лық толы. Электронды билетімізді көрсетіп, жанталасып лайықты орнымызға отырдық. Театр ұжымы бізді күткен секілді. Орындыққа жайғасқан соң, спектакль бірден басталды.

Күйеуінен айырылған жесір әйел қасына үш баласын жетектеп төркініне бет алады. Асқар тауынан айырылған үш бала нағашыларында тұрды. Ақбереннің нағашы жұртындағы ең жақын әрі жақсы көретіні ағасы - Данышпан. Туғаннан аурушаң өскен ол көп ұзамай қайтыс болады. Араға уақыт салып, анасы тұрмысқа шығып, әпкесі Маржан қалаға оқуға кетеді. Иә, қара сөзбен айтқанға оңай. Ал театрдағы атмосфера мүлде бөлек. Әсіресе анасының "қуанышын" тойлап жатқан сәттегі көршілерінің сөзі. Тұнжырғасы түскен баланың қолына екі әйел кәмпит ұстатып, тағы бір қартаңдау көршісі ақша береді. Ешкімнен тегін зат алып көрмеген бала жүгіріп барып, "қырық өтірігін" айтпақ болғанымен жаны ашыған әлгі үшеу бастартады. Кетіп бара жатқан қартаң көрші: "Әкесі өлген бір жетім, анасы кетсе тұл жетім" деп айта салады. "Арам ойы жоқ қарттар ғой" деп ақтап алуға болатын шығар. Ал залда отырғандардың эмоциясы оған бағаны ма екен?! Әр жерден жылаған дауыстар, көз жасын сүрткен қалың көрермен. Қойылым болса осындай ақ болсын. Қос қыздың ортасында отырған мен жігіт басыммен жылауға ұялғанымды жасырмаймын. Сыр алдырмайын деп әр кез жан-жағыма қарап қоямын. Жасын сүртіп әлек болғандардың өзгемен шаруасы жоқ. Бес саусақ бірдей емес екенін сонда ұғуға болады. Біреу баланың орнына өзін қойса, енді бір көрерменнің балалық шағы солай өткен болуы бек мүмкін.

Қойылымға келгеннің көбі жастар. Соның бірі - Тұрсынқұлов Бақытжан. Ойын еркін айтып берген ол, театрға алғаш мәрте келгенін де тілге тиек етті.

"Бүгін мен өзім үшін жаңа әлем аштым. Нақтырақ айтсам театр мен актёрлік шеберлік дегеннің не екенін ұқтым. Басында келемін деген ой болмаған, себебі қызықпайтынмын. Бірақ бәрі мақтаған соң бардым, көрдім, өкінбедім. Алғаш рет барсам да қойылымның мәнін түсіндім. Бастапқыда ұйқым келіп отырғанын жасырмаймын. Кейін сахнадағы оқиғаны ішіне қалай кіріп кеткенімді түсінбей қалдым. Негізі қайғылы фильм көргенде бұлай болмайтын. Тіпті, "Хатиконы" көргенде де көңілім босамаған. Ал театрда басты кейіпкерді аяп, жүрегім елжіреп отырғанына ұялмадым. Қысқаша айтқанда, театрға тек егде жастағы кісілер барады деген ой қате. Театр нағыз өмір мен өнерді көрсететін жер. Бұдан былай театрға баруды әдетке айналдыратын болдым" дейді ол.

Қазақ қоғамында тірі адамның қадірі болмайды. Оны мойындау керек. Балалық шағында сондай қиындық көрген Ақберен Елгезекті жастар пір тұтпаса да, кітабын оқып, өміріне үңіліп, керегін алғаны абзал.

Жылап отырып ауыз ашқан әріптестерім қойылым туралы тек оң пікір айтып, режиссер Фархад Молдағали мен басты рөлді сомдаған Нариман Елубайдың өнеріне риза болды.