ДАМУ
Бүгін – Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күні. Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан ғұмырын күрес өнеріне арнап, қазақ халқының атын бірінші болып өзге жұртқа танытқандардың бірі.
Теңдесі жоқ кәсіпқой балуан күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгеріп, бәсекелестерінен басым түскен Қажымұқан әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ батыры. Дүниежүзінің 28 мемлекетін аралап, сол жерлердің саңлақтарымен белдесіп, 56 медаль алған. Иван Поддубный, Иван Шемякин, Иван Заикин, Алекс Аберг, Георг Лурих, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды балуандармен бірге боз кілемді сарғайтып, күштері таудай балуандарды шеттерінен жығып, алтыннан алқа таққан Қажымұқан қазақ жерінің нағыз мақтанышына айналған.
Алып денелі Қажымұқан
Мұңайтпасұлы тұратын үйде қонақта болған филолог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев палуанның физикалық өлшемдерін жазып алған. Сол кезде 75 жастағы палуан жалаңаш тұрғанда 174 келі тартқан. Шалбарының өзіне үш метр мата, көйлегіне 6 метр сұрып кетеді екен. Бойы – 195 сантиметр, төбеден белге дейін – 77 сантиметр, белінен аяғына дейін – 118 сантиметр. Кеудесі – 146 сантиметр, кіндік тұсы – 173 сантиметр, жуан қара санының қалыңдығы – 71 сантиметр, сан жілігінің ұзындығы (жамбастан тізеге дейін) – 65 сантиметр, балтыр – 49 сантиметр, балтырының ұзындығы – 58 сантиметр, табаны – 35 сантиметр, аяқ киімі – шамамен 54-ші өлшем. Шалбарының белдігі – 220 см., жауырынының жалпақтығы – 60 см., қолтық еттің қалыңдығы – 50 см., қар еті – 47 см., екі иығы – 56 см., мойын жуандығы – 56 см.;
Қажымұқан жайлы қызықты деректер:
Қажымұқанның Мұханура, Қара Иван, Қызыл маска, Ямагата, Қара Мұстафа деген лақап аттары болған.
Қажымұқан Қыпшақтың Алтыбас руынан шыққан.
1944 жылы Ленинград аспанында Қажымұқанның ақшасына жасалған ұшақ пайда болды, оның бүйірлерінде Ленин үшін, Отан үшін деген ұрандар емес, бір жағында қазақ батыры Амангелді Имановтың, екінші жағында Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімдері жазылған.
Қажымұқанның еншісінде барлығы 56 медаль болған. Олардың 4-еуі ғана бүгінгі күнге дейін сақталған.
Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сынды әйгілі замандастары Қажымұқан жөнінде естеліктерін қалдырған. Өлең-жыр арнаған. Олардың бәрінде атақты палуанның зор күш иесі ғана емес, үнемі ел деп соққан үлкен жүрек иесі екені айтылады.
Қажымұқан джиу-джитсудан Америка чемпионы атанды.
Ол әлемнің 28 елінде, соның ішінде АҚШ, Жапония, Аргентина, Франция және т.б. күреске түсті.
Қажымұқанның Асан мен Үсен деген егіз бауырлары болған.
Түркияда өткен жарыста Қажымұқан Нұрлы деген балуанды жеңіп шықты. Қажы Мұқанның күш-қуатына тәнті болған Ыстамбұл қаласының әкімі Чағыр паша оны өзімен бірге қажылыққа шақырады. Мұқан Мұңайтпасов Меккеден Қажымұқан болып оралды.
Қажымұқанның жары Надежда Чиповская исламды қабылдағаннан кейін Бәтима атанады.
Өмірінің соңғы жылдары
Өмірінің соңғы жылдарында балуан билік тарапынан біраз қысымға да тап болады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Қазақбаевқа:
Өмірімнің 55 жылын күрес өнеріне арнадым. Америкадан басқа шетелдердің бәрінде болдым. Қазір жасым 75-те. Менің әл-ауқатым нашар. Шәуілдір ауданының мекемелері жөнді көмектесіп жатқан жоқ. Азық-түлікті анда-санда береді. Ол қай жыртығымды жамайды? Былтыр шамам бар кезде қорғаныс қорына 100 мың сом салып едім. 75 жылдығыма дайындық барысында далада қалатын түрім бар, атым еш жерде аталмайды. Көрші Өзбекстанға көшем бе деген ойым бар. Сондықтан, маған Қазақстаннан Өзбекстанға көшуге рұқсат беруіңізді сұраймын, – деп хат жазады.
Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнаған батырдың бейіті Оңтүстік Қазақстан облысында жатыр.