ДАМУ

Жарапазан айту қазақ даласында қашан пайда болды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қасиетті рамазан айында орындалатын дәстүр аз емес. Соның бірі – жарапазан айту. Әрине, қалада түнде ешкім келіп бөтен үйдің есігін қақпайды. Ал ауылда мүлде бөлек. Кішкентай  балалар түнімен үй-үйді аралап, жарапазан айтып шығады. Bugin.kz порталы осынау ерекше салттың шығу тарихына үңіліп көрді.

Ислам Орта Азияға тек наным-сенім ғана емес, түрлі жаңашылдық әкелді. Мәселен, жарапазан – қазақ даласына ислам діні келген уақытта пайда болған тұрмыс-салт жырына жатады. Еліміздің батысы мен орталығында жойылуға шақ қалған бұл дәстүрдің пайда болу тарихы туралы сан түрлі пікір қалыптасқан.

Ғылымда «жарамазан» сөзінің шығуына қатысты екі түрлі пікір бар. Кейбір ғалымдар бұл сөз – «жә рамазан» яғни «рамазан келді» деген сөзден пайда болды десе, екінші тарап «йарамазан», «йә, рамазан» сөзімен байланыстырады. Қос пікірдің ішіндегі көңілге қонымдысы «йә, рамазан».

Қазақ халқы ежелден өлең мен жырға жақын. Оны ақын-жыраулар туындысынан да, осы жарапазанның айтылуынан да байқауға болады. Мұхтар Әуезов бұл туралы: «Қазақ ортасына ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Жарапазан өлеңі де сондайлық дін мағынасы мен дін үгіті болып шығып, бері келген соң қыдырма жарапазаншылар әнге салып айтатын болды» деп пікір білдірген.

Кейбір деректерді бала Жамбыл мен Сүйінбайдың танысты осы жарапазаннан басталған дейді. Үлкен ақынға шәкірт болғысы келген бозбала, Сүйінбайдың шаңырағына әдейі жарпазан айтып барған екен. Бойындағы талантты көрген ол сыйлығымен қоса батасын да берген. Бұл оқиғаға қарап, жарапазанды көбіне кішкентай балалар айтқанын түсінуге болады.

Ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының пікірі де осы оймен ұштасады. Ол: «Жарапазан — Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады»,- деп жазған.

Қоғамда «дін мен дәстүр екі бөлек нәрсе» деген қате ұғым бар. Оған жарапазан дәлел. Қазіргі таңда отандық әншілер жарапазанды эстрадалық бағытта да айтып жүр.