ДАМУ

Әлеуметтік желіде дұрыс жазып жүрміз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Таңертең ұйқыдан ояна сала күннің ең алғашқы ақпаратын ұялы телефоныңыздан білетініңіз рас қой?! Иә, кім не істеп жатыр, қайда барған, кеше қандай оқиға болды?! Міне, осы сауалдардың жауабын қолымыздағы смартфоннан санаулы секундтарда біле аламыз. Сондай-ақ өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналған телефон арқылы қалаған адаммен хат жазып, хабарласа аламыз. Ендеше Bugin.kz тілшісі сіздерге "WhatsApp әлеуметтік желісінде қаншалықты дұрыс жазып жүрміз?" тақырыбында пайдалы ақпараттар ұсынады.

Бәріміз жиі қолданатын әлеуметтік желінің бірі – WhatsApp. 2009 жылы Ян Кум және Брайан Эктон негізін қалаған бұл мессенджердің негізгі қызметі – хабарлама жіберу. Сонымен қатар фото-видео және аудиомәліметтер жолдауға болады, аудио және бейнеқоңырау шалуға мүмкіндік бар. Бүгінде бұл әлеуметтік желіде хат алмасудың да өзіндік жазылмаған заңдылықтары бар. Біле жүріңіз!

УАҚЫТ

Хат жазар алдында уақыттың қанша екеніне мән беріңіз. Сағат таңғы 9 бен кешкі 10 аралығында ғана хабарлама жіберуге тырысыңыз. Мәселеңіз қаншалықты маңызды болса да, жұмыстан тыс уақытта өзгені мазаламаған дұрыс.

ӘДЕП

Әлеуметтік желі екен деп, көпшілік "сен" деуге дағдыланған. Алайда жасы, жынысы, қоғамдық статусына қарамастан, кез келген адамға "сіз" деп сөйлеуіңіз керегін ұмытпаңыз. Тек диалог құрушымен жақын қарым-қатынас құрып, екіжақты келіскеннен кейін ғана "сен" дей беруге болады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде бейәдеп сөздер жазудан аулақ болыңыз.

САУАТ

Желілердің белсенділігі артып, өмірімізден ойып тұрып орын алғанымен, жазу және сөйлесу тілі аса жоғары деңгейде емес. Мәселен, қазақша (– Калайсын? – Жаксымын, озин ше? / - Қалайсың? Жақсымын, өзің ше?) қаріптер қолданбау, латын әріптерімен де (- Nestep jatursun? Kolun bospa? / - Не істеп жатырсың? Қолың бос па? ) қате жазу – сіздің орфографиялық сауатыңыздың деңгейін көрсетеді. Сондай-ақ (- Слм! - Каксың? - Нест? / - Сәлем! – Қалайсың? – Не істеп жатырсың?) дәл осылай қысқартып жазу да – тілге деген құрметсіздік. Сонымен қатар (- Сәлем қалайсың бүгін қолың боспа / - Сәлем! Қалайсың? Бүгін қолың бос па?) пунктуациялық ережені ескермеу арқылы сөйлесіп отырған жанның уақытын алатыныңызды ұмытпаңыз. Барынша қысқа-нұсқа әрі сауатты жазуға дағдыланыңыз.

АУДИОХАБАРЛАМА

Тағы бір ескеретін дүние: кез келген жанға аудиохабарлама жібермес бұрын алдын ала жазбаша түрде ескертіңіз. "Сәлеметсіз бе! Қалыңыз қалай? Сізге аудиохабарлама жолдасам, тыңдай аласыз ба?" деп, ұзақ минуттық дыбысты хабарлама жіберер алдында рұқсат алған жөн. Сізбен хат алмасып отырған жанның аудиохабарламаңызды тыңдауға уақыты да, мүмкіндігі де болмауы мүмкін. Бұл да – әлеуметтік желінің басты әдебі.

ФАКТЧЕКИНГ

Әлеуметтік желілер өмірімізге енгелі ақпарат алудың негізгі құралына айналды. Алайда WhatsApp желісінде тараған кез келген информация шындық болмауы мүмкін. Мәселен, "Ұшақтан зиянды у шашып жатыр",  "Қойдың майы коронавирусты емдейді екен" сынды түрлі видео, аудиолар тарап жүреді. Осындай ақпараттарды желіде таратпас бұрын, фактчекинг жасап, мәліметтің рас-өтірігіне әбден көз жеткізіңіз. Өйткені Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұл төлеуден бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.

Қоғамда әдеп сақтауға міндетті болғанымыз секілді, әлеуметтік желінің де өз этикасы бар екен. Ендеше әр жазғанымызға абай болайық!