ДАМУ

Ел тәуелсіздігіне қатысты теріс пікір айтқандар жазалана ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жоғары технологияның дамығаны бір ойлағанда тек жақсы жаққа ұмтылғанымызды білдіреді. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Қазір әлеуметтік желінің дамығаны, жоғары интернеттің пайда болуы түрлі жағдайға себеп болды.

Кез-келген бағыттағы видео жариялап, тікелей эфирге шыққанда ойына келгенін айтатындар көбейді. Мәселе, қандай да бір ақиқатты айтуында емес, негізсіз дерек келтіріп, халық арасында провакация тудыруында. Bugin.kz тілшісі осы мәселеге байланысты Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Ахат Нұрланның пікірін білді.

Маманның айтуынша, халық арасына іріткі салатын ватдео үшін күдікті 5 жылдан 10 жылға дейін сотталады екен.

«Ұлтымыздың тұтастығына қатысты іріткі салып, арандатушылық әрекеттер жасайтын адамдар, тіпті топтар да көбейген. Оған себеп, сыртқы саяси көзқарастың әсер етуі немесе адамдардың менталитетімізде бар бұрыңғы руға, елге бөліну факторлары да әсер етуде. Түптеп келгенде, атам қазақ – «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», - деп нүктесін қойып, алауыздықтың алдын алған.

Заң тұрғысында, ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабына сәйкес Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса – 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Осындай әрекетті адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы жасаған болса – 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Ал, бұл әрекеттер ауыр зардапқа әкеп соқса қылмыскерге – 12 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өтеуіне тура келеді.

Істерін істеп кейін кешірім сұрап жатуының себебі, алдағы уақытта басқаларға сабақ болсын деп және сотта шынайы өкінуіне байланысты жазасын жеңілдетуді сотта ескерілсін деген ниетте жасалады.

Еліміз көпұлтты мемлекет болғандықтан, Конституциямыздың 14-бабында «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», - деп нақты көрсетіліп, біртұтастылыққа кепілдік берілген» дейді адвокат.

Ал әлеуметтік желіде анайы сөз айтатын азаматтарға арнайы арыз түспесе мониторинг жүргізетін мамандар мұндай бассыздыққа ат үсті қарайды. Сол үшін ел болып ат салысу керек екенін алға тартты заңгер.

«Әлеуметтік желілерде, қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу белең алып кеткені соншалық заң шығарушы орган Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің тиісті баптарына өзгеріс енгізуге мәжбүр болды. 2023 жылдың наурыз айынан бастап құқық бұзушыларға Кодекстің 434-бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатын не 5-тен 15-тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келетін болды. Егер осындай әрекеттер бір жыл ішінде қайталанып жасалса құқық бұзушыға 30 тәулікке дейін әкімшілік қамақ қолданылатын болады.

Ал, басқа адамның абыройы мен қадір қасиетін әдепсіз түрде кемсітсе, яғни қорласа ҚР Қылмыстық Кодексінің 131-бабы бойынша жауаптылыққа тартылатын болады.

Өміріміздің бір бөлігіне айналған әлеуметтік желілердегі былапыт сөйлеген адамдарды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдары мониторингті жоғары деңдейде жүргізуі қажет. Өкінішке орай, жауаптылыққа тартылу бірен-сараң. Өйткені, осындай факт бойынша тек басқа адамдар арызданған кезде ғана тексеріліп жауапқа тартылып жатады. Сондықтан, осындай құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ел болып барлығымыз ат салысуымыз қажет» дейді Ахат Нұрлан.

Иә, интернетте қолы бос адам отырмайды. Көзі ашық жастар ғаламторды білімін жетілдіруге, табысын арттыруға жұмсайтынын жақсы білеміз. Десек те, қоғамда белең алған дертке немқұрайлы қарау әсте дұрыс емес. Ата-ана бала тәрбиесін жіті қадағаласа, мұғалім оқушыға бар ынта-жігерімен сабақ берсе, полицей параға жоламаса, саудагер тауарын алдап сатпаса, міне, сонда ғана алға жылжимыз. Көш жүре келе түзеледі.