ДАМУ

Қаржы пирамидасымен айналысқандарды қандай жаза күтіп тұр?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адамзаттың еңбек етуінің өтемі – жалақы. Оның мөлшері, әрине, әр адамда әртүрлі. Барлығы дерлік табысының артқанын қалайтыны сөзсіз. Алайда бүгінде артық қыламын деп, тыртық қылып жатқандары да жоқ емес. Талай жан қаржы пирамидаларының жалған жарнамасы мен ұйымдастырушылардың көзсіз уәдесіне сеніп қалуда.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде бір жылдың ішінде 31 мың азамат алаяқтардың арбауына түсіп қалған.

Осы аты шулы қаржы пирамидасының мән-мағынасын экономист Мақсат Халық былайша түсіндірді:

«Пирамидаға кірген адам артынан өзгелерін ертеді. Олар ақша салады. Солардың есесінен алғашқы ақша салғандарға қаражат төленеді. Пирамиданың төбесінде тұрғандар ғана табысты болып қалады да, ал кейін келген адамдар бүкіл ақшаларынан айырылады. Міне, бұрында да осындай жүйе болған, қазір де біздің қоғамымызда бар», - дейді маман.

Қаржы пирамидасына кіргендер – қомақты қаржыны қалтаға басқысы келетін жандар. Оларды осы жолға шақырушылар да оңай олжаны уәде етеді. Алайда заңгер мұның беті ашылса, сонша халықты соңына ерткендер заң алдында жазасыз қалмайтынын айтады.

«Ол «Қаржылық пирамиданы құру және басшылық ету» бабы деп аталады. Сол бап бойынша өзінің бірнеше санкциялары, яғни жазалары бар. Кішігірім мөлшерде болса, 3 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Ірі мөлшерде болса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал ауыр қылмыс болған кезде, мүлкі тәркіленеді. Сонымен қатар аталмыш ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан айрылады», - дейді Алмас Салпеков.

Түрлі ұранға иланып, қанша адам қарызға кіріп, сан соғып қалуда. Маманның айтуынша, қаржы пирамидаларын анықтаудың тағы бір жолы – олар нарықта алынатын бағадан тым артық табысты уәде етеді.

«Сіздерге ай сайын дивидент түсіп тұрады дейді. Ай сайын 7 пайыздан деп сендіреді. Жеті пайыз аз болып көрінуі мүмкін. Бұрындары, тіпті, «ай сайын екі еселеніп кетеді» деп айтатын. Қазір артық уәде беру сенім тудырмайтынын түсінді. Сондықтан болар, аса көп пайыз айтпайды. Алайда қаншама табыс табасыз деп қызықтырса да, жеңіл ақша табу жолына сенбеу керек», - дейді Мақсат Халық.

Ал енді қаржы пирамидасын құрушы компаниялардың дұрыс-бұрыстығын қалай анықтаймыз? Ол үшін мамандар ұсынған мына кеңеске құлақ түріңіз:

Сізге ұсыныс жасап отырған ұйым қазақстандық компания ма?

Компания қожайыны кім?

Мекенжайы қайда орналасқан?

Компанияның лицензиясы бар ма?

Табыс қалай, не үшін еселенеді?

Мінекей, сізбен сұхбаттасушы осы сұрақтардың бірінен сүрінсе, онда ат-тоныңызды ала қашыңыз. Тиісті орындарға хабар беріңіз.

Бейнеттің зейнеті – табыстың таза болуына тікелей байланысты. Ендеше қаржыға қатысты кез келген дүниеге сақ болыңыз!