ДАМУ
Қазіргі таңда әлеуметтік желіден түрлі жаңалықты көретін болдық. Кейінгі кездері белең алған жағдайдың бірі – жасөспірімдер арасындағы жанжал. Ең өкініштісі – қаршадай балалардың бірін-бірі ұрып, қорлап, онымен қоймай видеоға түсіріп, ғаламторға жариялауы. Осы мәселеге байланысты Bugin.kz тілшісі психолог Жаннұр Дәуренбековамен сұхбаттасты.
Жасөспірімдер арасында буллинг көбейді. Бұған кім кінәлі?
Алдымен осы буллинг дегеннің мағынасын айта кеткен жөн шығар. Ағылшын тілінен аударғанда, bullying "кемсіту", “жәбірлеу”, “келемеждеу”, “қорлау” “қысым” деген мағынаны білдіреді. Буллингтің екі түрі бар: физикалық және психологиялық. Физикалық қысым – бір немесе бірнеше адамның (топтың) екінші бір адамды ұрып-соғып, аяусыз теуіп, шашын жұлып, яғни дене жарақатын салып, денесіне қол тигізуі. Ал бір адамның екінші бір адамды сөзбен қорлап, боқ ауыз сөз айтып, намысына тиюі, кекетіп-мұқатуын психологиялық қысым деп атайды. Екеуінің де адам психикасына әсері бірдей. Буллингтің екі түріне де тап болған жасөспірімнің көбісі суицидке баруы әбден мүмкін. Сол себепті мен денесіне қол тигізбедім деуге болмайды. Өкінішке қарай біздің қоғамда «дене жарақатын салған жоқ, демек буллинг деп қарастырылмайды» деп түсінеді. Таразыға салсаңыз, дене жарақаты мен жан жарақатының салмағы теңдей. Қазақтың көптеген сөзі тұнып тұрған психоанализ: “таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді” демекші, буллингтің бірі адам етіне таңба болса, екіншісі – сүйегіне таңба.
Ал жасөспірімдердің буллинг жасауына кім кінәлі? Әрине, ең алдымен, ата-ана, екінші – мектеп. Отан отбасынан басталады. Бір ұлды немесе қызды қорлап жатқан жасөспірімнің ішінде ата-анасына деген ашу-ызасы болуы мүмкін. Себебі, ата-анасына өкпе-ренішін айта алмайды. Бірақ ол ашу-ыза шығу керек, сол үшін бала айналасынан бір құрбанды тауып алып, бар өшін содан алады. Екінші бір жағдайда, басқаны қорлап, қысым көрсету арқылы ата-анасын жазалаймын деп ойлайды. Мүмкін әкесі немесе анасы баласының барын ұмытып кеткен шығар? Бала ата-анасымен физикалық тұрғыда күнде бір шаңырақ астында көріседі. Алайда эмоционалды тұрғыда ешқандай байланыс болмаған шығар? Өзеннің екі жағын байланыстыратын көпір секілді, ата-ана мен бала арасындағы эмоцианалды көпір орнатылу керек деп ойлаймын.
Екінші тарап – мектеп. Өкінішке қарай қазір жасөспірімдер арасындағы буллингті естігенде, мектеп ата-ананы, ата-ана мектепті кінәлайтынын жиі естіп-көріп жүрміз. Ата-ананың психологиялық сауаты жоқ шығар, бәлкім? Ал педагог бола тұра, психологиялық сауаты болмаса, ең сорақысы сол болмақ. Менің ойымша, кінәліні іздеудің қажеті жоқ. Себебі қоғам кінәлі шығар? Ал, қоғам деген сіз бен біз. Кейбір бала үйде ата-ана тарапынан буллингке ұшырауы мүмкін. Ал кейбіріне мектепте ұстаздар қысым жасайды. Қатарластары немесе жоғары сынып оқушыларынан қорлық көріп жүргендер де аз емес.
Жасөспірімдер арасындағы мәселе кейінгі уақытта пайда болды ма, әлде бұған дейін де болған ба?
Тарихқа үңілсек, жасөспірімдер арасындағы буллинг ертеден барын түсінуге болады. Тарихқа жазылмағаны қаншама?! Ал қазіргі кезде әлеуметтік желі арқылы қай жерде кім қорланып жатқанын көріп, білуге болады. Әлеуметтік желіде көрінбей қалғаны қаншама?!
Жәбір көрген балаға ел алдында жүру өте қиын. Қалай көмек көрсетуге болады?
Жәбір көрген балаға ата-ана, мектеп психологы көмек көрсету керек. Сау қоғамда өмір сүргім келеді деген әр адам өзіне жауапкершілік алып, психология сауатын арттыру керек. Ұлым немесе қызымның жүйке жүйесі жөнді қалыптассын десе, психоанализ орталығына келгендері дұрыс болар.
Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!