Bugin
Дін қайраткері, жазушы Халифа Алтайды қазақтардың барлығы дерлік біледі. Ғалым, дін ағартушы Халифа Алтай Ғақыпұлы 1917 жылы 18 желтоқсанда Шығыс Түркістандағы Шіңгіл ауданындағы Жарынты көлінің бойында дүниеге келген.
Сауат ашуды әкесі Ғақып Қаракеленұлынан үйреніп, кейін жергілікті молдадан дәріс алады. Өмірінің басында түрлі қуғын-сүргінге, көші-қонға ұшыраған. Өмірінің кейінгі жылдарын дін мен ағартушылыққа арнап, рухани еңбектер жазумен айналысады.
Көші-қон
1933-1938 жылдары Қытайдағы қуғын-сүргінге байланысты оның туғандары Баркөл, Ганьсу, Цинхай аймақтарына қоныс аударуға мәжбүр болды.
Алтай асып, Гималайдан өткен көшпенділердің көптеген ауыр сәттерді басынан өткергені айтылады. Соңында керуен Түркияда қоныс тебеді. Түрік жазушысы Исмаил Шыңғыс бұл оқиғаға пікір білдірген.
"Түрік қазақтарының керуені көшкенде олардың саны 20 мың болды. Оның 2 мыңы ғана Түркияға жеткен. Бұл үлкен трагедия", - дейді ол.
Араб және урду тілдерін меңгерген Халифа Алтай 1952 жылы Пәкістанның Пешавар қаласындағы Солтүстік Түркістан қазақтары қоныстанушылар қоғамының жауапты хатшысы болып қызметке кіріседі. 1953-1954 жылдары қазақтарды Пәкістаннан Түркияға көшіруді ұйымдастырушы ретінде танылды.
Шығармашылығы
Ғалым Түркияға келген соң, шығармашылыққа көңіл бөле бастайды. Шығыс Түркістаннан басталған азапты сапар туралы "Естеліктерім", "Атажұрттан Анадолыға дейін", "Алтайдан ауған ел" атты өмірбаяндық кітаптар жазды.
1991 жылы Қазақстанға толықтай көшіп келеді. Мұсылмандыққа шақырып, діни кітаптар аударып, еңбек сіңірді.
1992 жылы "Құран Кәрімнің қазақша мағынасы мен түсінігі" атты кітабын Түркиядағы Фахд баспаханасында 800 мың данамен шығарып таратты. Сонымен қатар "Кәләм Шарифді" қазақ тіліне тәржімалады.
Құранды қазақша тәржімалаған
Халифа Алтай Құранды 1984 жылы Құран Кәрімді аударуға кірісті. Қазақшалауға 5 жылға жуық уақыт кеткені жайлы айтылады.1991 жылы қасиетті кітап «Құран Кәрімнің қазақша мағынасы мен түсінігі» Фахд баспаханасында басылып, 800 мың данамен таратылды.
Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты атанған қаламгер, рухани көсем атанып 2003 жылы 86 жасында дүниеден озды.