ДАМУ
Психологияда не себепті біз бір адамды экстраверт, ал екіншісін интроверт деп атай аламыз? Психолог Марти Лэйни негізгі айырмашылық энергияны толтыру тәсілінде деп санайды. Ал өзін интровертке де, экстравертке де жатқызып жүргендердікі қаншалықты дұрыс? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Bugin.kz тілшісі пайдалы мәліметтер ұсынады.
Интроверт - өзінің тыныштық әлемінде өмір сүретін адам. Ол көпшілікті, шулы ортаны ұнатпайды. Интроверт энергияны жалғыз өзі отырғанда ғана қалпына келтіреді. Ал адамдармен қарым-қатынас кезінде, керісінше, бар энергиясын жұмсайды.
Экстраверт - кез келген ортада өзін белсенді ұстайтын көпшіл адам. Олар адамдармен қарым-қатынас жасағаннан рахаттанады. Сонымен қатар өзіне қажеттіні көпшіліктен алады. Осылайша экстраверттер энергия жинап, демалады.
Алайда осы екеуі де табиғатына сәйкес келмейтін адамдар баршылық. Олардың жаны бір кезде үйінде кітап оқып отырғанды қалайды. Ал енді бірде достарымен көңілді отырысқа кетіп қалуы да ғажап емес. Оларды амбиверттер деп атайды.
Амбиверт - үн-түнсіз жүретін интроверт пен гипербелсенді экстраверттің ортасы. Олар жағдайға байланысты интроверт ретінде де, экстраверт ретінде де әрекет ете алады. Егер олар өздерін жайсыз сезінсе – тып-тыныш жерде ешкіммен сөйлеспей отыра береді. Егер қоршаған ортаны ұнатса, амбиверттер бәрімен белсенді қарым-қатынас жасап кете алады.
Психолог Марти Лэйни "Интроверттердің артықшылықтары" кітабында амбиверттерді мысал ретінде түс температурасының шкаласы ретінде қарастырған. Онда интроверт көкке, ал экстраверт қызыл түске сәйкес келеді десек, ортасындағы сары және жасыл реңктердің арасын амбиверт деп атауға болады деген.
Амбиверттердің негізгі сипаттамасы — белсенді өмір мен жайлы тіршілік арасындағы тепе-теңдікті табуға деген ұмтылыс. Яғни, үнемі бір жақты болып қалмайды: туыс, дос, жолдастарымен тығыз байланыста болып, бірге саяхат жасап кетуі мүмкін. Сонымен қатар олар үшін ең бастысы әлеуметтік байланыстардың саны емес, сапасы екенін еске саламыз. Бірақ келесі күні өзімен-өзі шай ішіп, кино көріп отырса, таңғалмаңыз. Сонда амбиверттер жаны қалаған кез келген дүниені жатырқамайды.