ДАМУ

Қазақтың ең алғашқы мультфильмі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мультфильмнің келешек ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Ұлттық өнегені, жақсылық пен мейірімділік түсініктерін бала кезінен көріп, бойына сіңіріп өсірген бала болашақта жанашыр, патриот азамат болып өсетіні сөзсіз. Осы жолда Қазақстан КСРО-ның құрамында болған кезден бастап жұмыс істелді. Әсіресе, телевизия саласы енді дамып келе жатқанда Әмен Қайдаров бастаған бір топ азамат осы мақсатта мүдделі жұмыс істеді.


1967 жылы "Қазақфильм" киностудиясы алғашқы отандық "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" мультфильмін  шығарады. Режиссер және қоюшы режиссер болған Әмен Қайдаров қазақ анимациясының негізін қалаушы болады. Бұл мультфильм оның алғашқы туындысы еді.
Мультфильм жарыққа шыққаннан бастап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. 10 минуттық картина толық дайын болуына 1,5 жылдай уақыт керек болған. Картина идеясы бекітілгенде сол кездің тәртібіне сәйкес тексеріс үшін Мәскеуге жіберіледі. Мәскеудегі комиссия мүшелері өз қарсылықтарын білдіреді. Дегенмен сол жылдардағы "Қазақфильм" киностудиясының басшысы Камал Смайылов бізге ұлттық мәдениеттеріміз көрініс тапқан мұндай картинаны дайындап шығарудың маңызын түсіндіріп, төтеп береді. Осылайша мультфилімді әзіреумен 5 адамнан құралған шығармашылық топ айналысады. Алғашқы көрсетілімі Мәскеу қаласында өтті. 


Қазақ халық ертегісі желісімен түсірілген бұл мультфильмді 48 елде көрсету үшін сатып алып, түрлі байқауларда жүлделі орындар алады. ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальде ІІІ жүлдені иеленсе, Нью-Йорктегі мультфильмдер фестивалінде "Қола праксиноскопты" алды. Мультфильм Нұрғиса Тілендиевтің домбырада сүйемелдеуімен әрленген. 
ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері,  режиссер-аниматор, қазақ мультипликациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаров 1923 жылы 3 маусымда Қарағанды облысында дүниеге келген.


Тұңғыш қазақ аниматоры саналатын Әмен Қайдаров сондай-ақ "Ара-Шмель", "Қазақстан әйелдері" басылымдарында қызмет атқарады. Оның "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" мультфильмінен кейін жарық көрген "Ақсақ құлан", "Құйыршық", "Қырық өтірік" сынды аңыз-әңгімелерді анимциялауы жаңа дем алып келді. 


Мән-мағынасы терең бұл мультфильмдер әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтпады. Жақсылық жасауға шақырып, адамгершілікті дәріптейтін аталмыш туындылар қазақ тарихындағы шоқтығы биік мультфильмдер болып қала бермек.