Bugin
Жыл сайын қазақ даласында сәуір айының орта бөлігінде күн енді жылына бастағанда қайта суып, жауын-шашын болады. Осыған байланысты көктем келгенде табиғат тосынсыйын күтуді әдетке айналдырған. Мәселен, халқымыз ерте кезден "сәуір болмай, тәуір болмайды" деп бекер айтпаған болса керек. Ертеректен "сәуір - көкек айы" деп те аталады.
Халық ауыз әдебиетінде аталмыш айдың сәуір, көкек деген атауларына байланысты мынадай өлең жолдары кездеседі:
Суға толар сай-сала,
Сәуір болмай, жауын жоқ.
Нуға толар айнала,
Жауын болмай, тәуір жоқ.
Көкек келмей, көктем жоқ, –
Көктемнің дер шағы бар.
Айдың – төлдер көкке тоқ –
Көкек аты тағы бар.
Сәуір айы – шаруа айы.
Еңбек етіп жатыр ел.
Көкек келді – көктем келді, - деген өлең жолдары бар.
"Бесқонақ"
"Бесқонақ" деген атау да қазақ күнтізбесінде қолданылып келген, жыл айларынан тыс алынатын бес күн.
Оның нақты астрономиялық жылдың ұзақтығы бүтін күн санымен өрнектелмейді. Ол жуық түрде 365,24 тәулік (яғни 365 күн 6 сағат) деп есептеледі. Аптаға жетпейтін осы 5 күнді халқымыз ерте кезден “Бесқонақ” деп атаған.
Айлардан тыс саналатын мұндай күндер басқа халықтарда да болған. Мысалы, б.з.б. 4-мыңжылдықта Мысырда 360 күннен кейін қосылатын 5 күнді құдайлар атымен, яғни Осирис, Гор, Сет, Исида және Нефтида деп атаған. Ежелгі парсы күнтізбесінде қосалқы 5 күн “фәнджи”, “андаргах” (“ұрланып кіретін” не “кетікті толтыратын”) деп аталған. Фәнджи парсылардың 8- және 9-айының аралығына қойылған. Байырғы қазақ күнтізбесінде “Бесқонақ” үнемі жыл аяғына қосылып отырған. Қазіргі күнтізбеге сәйкес, “Бесқонақ” жыл сайын 17 наурыздан 21 наурызға дейінгі аралықта келіп отырады деп күтіледі.
"Отамалы"
Сонымен қатар сәуір айындағы айналып келетін бұл суықты "Отамалы" деп те атайды. "Отамалының" бұлай аталуына байланысты ел ішінде көптеген аңыз-әңгімелер бар. Солардың бірі Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романында айтылады:
Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда. Отамалы деп атанғаны бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі қойды жайылысқа шығармайық, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, малыңнан айрыласың десе, байы бір діні қатты кәпір екен. Сен тоғышарлық қып алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап қойды жайылысқа шығартады. Сол күні, құдай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығы - «отамалы» атанғаны содан дейді.
Дана халқымыз тек көктемдегі осы өтпелі кезеңді өткергеннен кейін ғана жайлауға көшуге дайындала бастаған. Егер бесқонақ, отамалы кезінде күн қатты салқын болып, жаңбыр-қар мөлшері көп болса, келер жаз жайлы болады деген сенім бар.