Weekend
Балмұздақтың шығу тарихы жайлы қызықты деректер
Балмұздақ-балалық шағымыздың ең тәтті естелігі іспеттес. Оның жан-жүйеңе, көңіл-күйіңе таңғажайып жағымды әсер қалдырары сөзсіз. Десе де, балмұздақсүйгіштер оның шығу тарихы жайлы біле ме екен?!
Ғалымдардың зерттеуі бойынша балмұздаққа ұқсас тағамды ең алғаш рет қытайлықтар ойлап тапқан. Оны әуелде күріш қоспасын қарға орап, мұздату арқылы дайындаған. Кейіннен Қытайда балмұздақтың бірнеше түрі дайындала бастайды. Зерттеуші Марко Поло (1254-1324) Қытайға сапары кезінде мұз кремдерінің жасалуына куә болып, оларды Италияға таныстырған деген деректер де бар. Ал, балмұздақтың өнеркәсіптік өндірісі 1851 жылы Бостон қаласында (АҚШ) басталды. Сондықтан балмұздақты бүкіл әлем бойынша ең көп тұтынатындар осы елдің тұрғындары. Онда орта есеппен бір адам жылына 48 балмұздақ жейді екен.
Балмұздақ конусы 1904 жылы Сент-Луисте өткен Әлемдік жәрмеңке кезінде ойлап табылды. Сол жәрмеңкеде вафли сатушысы мен балмұздақ сатушысы қайталанбас тарихи сәтті жасады. Ал, 1988 жылы Эдмонтонда, Альбертада, Канадада ең үлкен балмұздақ жасалды. Оның салмағы 24 тоннаны құрады. Бір қызығы, осы тәтті балмұздақ әлемдегі даңқты қолбасшыны да өзіне құмар қылған.
Тарихшылардың Ұлы Ескендір Зұлқарнайын (356-323 жж.) жайлы жазған деректерінде оның шырынмен, балмен хош иістендірілген қар жегенді ерекше жақсы көргенін айтады. Қанша ғасыр өтсе де, балмұздақтың беделі бір рет те бәсең тартқан емес. Бүгінде балмұздақтың ваниль, шоколад, құлпынай, печенье, какао және т.б дәмі бар көптеген түрлерін тұтынып жүрміз.
Қазіргі таңда балмұздақтың құрамынан, дайындалу әдісінен бөлек, оны ұсыну, сату, сатып алу мәдениеті де үлкен өзгеріске ұшырады. Әрине, мұның бәрін адамдарға қуаныш сыйлаудың амалы деп қабылдаймыз. Ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, балмұздақ тек тәтті тағам ғана емес, ол бақыт гормонын сыйлаушы құрал. Мәселен, мен мына суретті түсірер сәтте түрік ағайындардың балмұздақты әртүрлі ойын тәсілі арқылы ұсынып, тұтынушылардың жүзіне қуаныш сыйлап жатқанын аңғардым. Бұл адамдарды балмұздаққа ғашық етер амалдардың бірі секілді. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде Алматы қаласының өзінде қаншама балмұздақ дүңгіршектерінің ашылғанына куә болдық. Балмұздақтың көзтартарлық безендірілуі мен оны ұсынудағы шеберлік халықтың бұл кәсіпті өнер деп бағалауына бастама болды. Сондықтан балмұздақты бақыт гормонын сыйлайтын ең тарихи өнер деп қабылдауымыз керек шығар.