ДАМУ
Біздің ортамызда бас алмай кітап оқитындар да, керісінше, кітаппен мүлде дос бола алмайтындар да бар. Сүйікті авторың мен шығармаң болып, оқиғаның қызығына кіріп кетудің өзінше рахаты бар. Ал осындай ғажайып әлемге өзгелерді қалай тартса болады? Bugin.kz тілшісі кітап оқуға ынтаны ашатын бірнеше лайфхактар ұсынады.
Бір жылда қанша кітап оқитыныңызды шешіңіз
Адамның миы санмен көрсетілген ақпараттарды жақсы қабылдайды. Сол үшін жылына қанша кітап оқитыныңызды цифрмен бекітіп қойыңыз. Алайда шындыққа жанаспайтын жоспар жасамаған жөн. Егер бұрын мектеп кезінде оқулықтардың бетін ашудың өзі қиын болған болса, онда аз кітапты мақсат еткен дұрыс. Мәселен, жылына 12 кітап, айына бір кітап десеңіз, миыңызға да қатты салмақ салмайсыз. Сондай-ақ уәдені орындау да оңайырақ болмақ.
Егер кітап ұнамаса...
Бізге мектепте әр кітапты бастан-аяқ оқуды үйретті. Алайда осының кесірінен де кей жандар кітап оқу ләззатынан айырылып қалатын секілді. Кітап ұнамады ма - орта жолдан болса да тастау керек! Өйткені әлемде сіз оқымаған, оқып үлгермейтін де қаншама миллион шығарма барын еске алыңыз. Сол үшін өзіңізге ұнамайтын нәрселерге уақыт құртпаңыз.
Шығарма жанрын өзгертіп отырыңыз
Үнемі бір жанрдағы кітаптарды оқи берсеңіз де, жалығып кетуіңіз мүмкін. Сол үшін тұрмысты сипаттайтын қиын романдарды қанша жақсы көріп тұрсаңыз да, арасында фэнтези шығарманы қолға алып көріңіз. Заманауи кітаптарды классикамен, шетелдік шығарманы отандық авторлардың туындысына ауыстырып көріңіз. Мұндайда кітапсүйер достарыңызбен кітап алмасқан да жақсы көмектеседі. Осылайша кітапқа деген құмарыңыз үнемі әрі жиі ашылып тұрады.
Әлеуметтік желіде отыратын уақытыңызды қысқартыңыз
Егер сіз бірнеше күн бойы қолыңызға кітап алмасаңыз, теледидарға, әлеуметтік желілерге немесе компьютерлік ойындарға бөлетін уақытты азайтыңыз. Ал егер сіз кітап оқудың орнына үнемі Instagram желісіне кіргіңіз келіп тұрса, бұл сізге кітап ұнамайтынын білдіртіп жатуы да мүмкін. Ол кезде алдыңғы лайфхактарды қолдану керек: кітапты тастаңыз немесе басқасын оқыңыз.
Кітап оқуға арнайы уақыт арнамаңыз
Иә, кітап оқимын деп арнайылап уақыт арнаудың қажеті жоқ. Оның есесіне кез келген жерде, кез келген уақытта аз-аздан оқуға дағдыланыңыз. Мәселен, метрода кітап оқып көріңізші. Жолдағы 20-30 минутта шығарманың біраз парағын тауысасыз. Таңғы ас кезінде не ұйықтар алдында 10 бет оқып көріңіз. Осылайша, кітап оқу өміріңіздің ажырамас бір бөлігіне айналады.
Кітапты баяу оқып жүрсеңіз...
Егер кітапты тез арада оқып бітіру керек болып, алайда жай оқып жүрсеңіз, жоспар құру керек. Мәселен, күніне 50 бет оқыңыз. Осы жүйемен оқысаңыз, апта ішінде бір кітапты оқып тауыса аласыз.
Оқу жылдамдығын тексеріңіз
Бастауыш сыныпта бір минут ішінде шығарма оқытатын еді ғой?! Осы әдісті өзіңізге де қолданып көріңіз. Өйткені, көпшілік жай оқығандықтан, миы жалығып кетеді. Содан кейін кітапты қайта қолына алуы екіталай болады. Сол үшін өзіңіздің бір минутта оқитын сөзіңізді анықтап, оны бірте-бірте көбейтуге тырысыңыз.
Осындай әдіс-тәсілдер кітапқа деген қызығушылықты арттыруы әбден мүмкін. Тек бәрін бірден емес, бірте-бірте қолданыңыз.