Bugin
Аллергия - бұл иммундық жүйенің патологиялық реакциясы, мұндай кезде дене көптеген адамдар үшін қауіпсіз заттарды қауіпті деп қабылдайды. Бұл тамақ, өсімдік тозаңы, жүн, шаң және т.б болуы мүмкін. Аллергенмен байланыста болған кезде терінің қызаруы, тыныс алудың қиындауы секілді түрлі реакциялар пайда болады. Отоларинголог Азизбек Қонысбаевтың айтуынша, аллергия күтпеген нәрселерден туындай береді.
"Ең көп кездесетіні үй жағдайындағы кенелер мен маусымдық аллергиялар. Және тамақтан болатын аллергиямен шағымданып келетіндер де болады. Үй жағдайында қолданатын әртүрлі тұрмыстық химикаттар да аллерген туғызатын факторлар.
Аллергияның себептері бүгінге дейін толық түсіндірілмейді және кез келген, ең күтпеген заттар реакция тудыруы мүмкін. Мәселен, үй жағдайында біздің көзімізге мүлде көрінбейтін микротіршілік иелерінің өзі қауіп тудырмайтын болғанымен, олардың нәжісі адам ағзасында бронх демікпесін, аллергиялық реакцияларды, мұрынның бітелуі, жөтел сияқты жағымсыз белгілерді тудыруы мүмкін. Сондықтан, мүмкіндігінше сырттан үйге келгенде киім ауыстырып алған жөн. Үйді жиі тазалап, желдетіп тұру да маңызды" , - дейді маман.
Тамақтан болатын аллергияны ағза оны қабылдағанда бірден неден екенін анықтауға болады. Сондай-ақ, ең жиі кездесетін аллергия түрі – белгілі бір кезеңде кейбір ағаштың тозаңдарынан туындайтын маусымдық аллергия.
"Күзге дейінгі болатын барлық өсімдіктер өзінің шаң-тозаңын шығарады. Соларға адамдар реакция береді. Әсерінен мұрын бітелуі, түшкіру, көздің қызаруы болады. Сонымен қатар тамақ аурулары, мұрын қуысында ары қарай асқыну болып жатса гайморит, құлақ ауруына алып келуі мүмкін.
Аллергияны анықтау мақсатында диагностика ең алдымен келушінің шағымдарынан басталады. Кейіннен қан талдаулары арқылы сізде аллергия бар-жоғының көрсеткішін анықтай аласыз", - дейді Азизбек Қонысбаев.
Аллергияны қалай анықтаймыз?
Ағзаңызда аллергияның нақты неден болғанын білудің де бірден-бір жолы - аллергия туындатуы мүмкін дүниелерге тест жасап көру.
"Терілік сынама приктест деп аталады. Дәрігерге белгілі бір мерзімде аллергия болады деген соң ол науқасқа сол мезгіл кезіндегі, сол аралықта кездесетін шаң-тозаңды науқасқа сынап көреді. Яғни, терісін тіліп, тамшылатып көреді. 15-20 минуттан соң науқастың қандай шаңға немесе басқа неге аллергиясы бар екені анық байқалады" - дейді Азизбек Қонысбаев.
Анықтап болған соң қалай құтыламыз?
Бүгінде аллергиядан құтылу мақсатында көпшілік қосымша гормондық дәрілер салдыруды жөн көреді. Дегенмен, маман мұндай тәуекелге бармауды ұсынады. Себебі, олар бір аллергиямен күрескенімен, ағза жұмысына кедергі жасап, басқа ауруларды туындатуы мүмкін. Қазіргі уақытта мамандар келушілерге ASIT терапиясын ұсынады.
ASIT аллергиялық ауруларды емдеудің жоғары тиімді әдісі болып табылады, ол пациентке аллергендердің микродозалары бар арнайы препаратты енгізуден тұрады. Мұндай емдеуді вакцинацияның бір түрі деп атауға болады, тіпті «аллергияға қарсы вакцинация» деп атайды.
"Аллергенге тән иммунотерапия (ASIT) – бұл аурудың даму себебіне әсер ету арқылы аллергияны емдеудің әдісі. Бұл әдістің мәні реакция пайда болатын аллергеннің жоғарылау дозаларының арнайы схемасы бойынша пациенттің денесіне біртіндеп енгізу болып табылады.
Біз бес жастан бастап қолданамыз. Оның ішінде жүкті, бала емізетін әйелдерге салынбайды. Сонымен қатар препараттың өзіне тым қатты аллергиясы болса да терапия ала алмайды", - дейді отоларинголог.
Маманның айтуынша, аллергияның бар-жоғын анықтауға қыс мезгілінде келген дұрыс. Бұл уақытта шаң-тозаң болмағандықтан, анықтау ыңғайлы әрі жеңіл болады. Дер кезінде аллергияны емедемесе немесе салғырт қараса ол түрлі мұрын және құлақ ауруларына жеткізуі мүмкін. Сондықтан, мүмкіндігінше, тек уақытша басатын дәрілер қабылдамай, алдын ала күресудің маңызы зор.