Bugin

Бата мен тілектің айырмашылығы неде?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ халқы игі-жақсы істерді әрқашан батамен бастайтын болғандықтан, бата ерте кезден халқымыз үшін өзіндік орны бар, маңызды салт-дәстүрлеріміздің бірі. Қазақта бата беру дәстүрі бағзы заманнан жалғасып келе жатыр. Қазақ халқы өмірдегі қуанышты істердің бәрінде бата береді. Көпті көрген, көнекөз қариялардан, дана, білімді, абыз адамдардан бата алу, олардың алғысына бөленуден артық бақыт жоқ деп есептейді. Этнограф-жазушы Болат Бопайұлының айтуынша, батаны көлденең көк аттыға беру дұрыс емес. "Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас" мақалы да текке айтылмаған. 

Батаны ақ дастарханға, ақ сары бас қойға, көк қасқа тайға, атан түйе, атан өгіз шалғанда, жалпы мал сойғанда, үй салғанда, отау бөлгенде, келін түсіргенде, қыз ұзатқанда, баланы бесікке салғанда, сүндетке отырғызғанда, балаға ат қойғанда, бала тұсауын кескенде, алыс сапар алғанда, жолаушы жүргенде, күллі өмірдегі барлық жақсы қимылдардың біріне бата беру және бата алудан бастайды. Соған орай атам қазақта "Батамен ер көгереді," деген аталы сөз бар, - дейді этнограф. 

Сондай-ақ жазушы-этнографтың айтуынша, тілек пен батаны шатастыруға болмайды. Бүгінде той-жиындарда көп адам екеуін шатастырып, бата сұраса тілек айта кететін болған. 

Тілек айту батаға ұқсамайды. Тілекті сөз кезегін алған адам қара сөз түрінде өзінің көңіліндегі жақсы сөздерін айтып, алғысын білдіреді. Батаны кез келген адам бере алмайды. Ол өлең түрінде тармақ, шумақ, ұйқасы бар шешендік тілмен образды түрде беріледі. 

Мысалы:  

Асқа алалдық берсін,
Басқа амандық берсін,

деген тәрізді. Ал тілек ұйқасты сөзбен емес, кәдімгі қара сөзбен айтылады. Бата беретін адамды батагөй адам деп атайды. Тілек білдіретін адамдарды олай атамайды. Бата беру үшін шешен болу шарт. Ал тілек айту үшін шешен болу шарт емес, - дейді Болат Бопайұлы. 

Көпті көрген, игі тілегі мен батасын беріп, тілектес болып отыратын адамды Батагөй деп атайды. Мұндай атты ел ішінде де, ел билеушілері алдында беделі зор, аузы дуалы, көреген, тілегі қабыл болатын жасы үлкен адамдар иемденген.

Сондықтан бата мен тілектің аражігін ажыратып, батаны дұрыс адамнан алудың маңызы зор. Ал тілекті шын жүректен өз ниетін білдіргісі келетін тілектес адамның айта беруге хақы бар.