Bugin

Көкшетауда күйеуін пышақтап өлтірді деген әйел ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Отбасындағы жанжалдан кейін 45 жастағы ер адам кеуде тұсынан салынған пышақ жарақатынан жедел жәрдем келгенше қайтыс болған.

Көкшетау қаласының полиция басқармасына жедел жәрдем станциясының фельдшерінен жергілікті тұрғынның өз үйінде кенеттен қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Полиция қызметкерлері марқұмның тұратын мекенжайына жеткен кезде 45 жастағы ер адамның мәйітін тапты. Жедел-тергеу шаралары барысында жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікпен марқұмның бірге тұратын азаматтық некедегі әйелі ұсталды.

"Қайғылы оқиға болған күні азаматтық некедегі ерлі-зайыптының пәтерде өздері болғаны анықталды. Олардың арасында жанжал туындап, ұрыс кезінде күдікті ер адамның кеуде тұсына пышақ сұғып алған. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша жәбірленуші алған жарақаттан қайтыс болды", - деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Кінәлі әйел 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іске қатысушылардың жеке басын сипаттайтын материалдар жинақталып жатыр. Сонымен қатар, сараптамалық зерттеулер, оның ішінде оқиға орнынан алынған айғақтар бойынша жүргізіліп жатыр", - деп түйіндеді ведомстводағылар.