ДАМУ
Бүгінде қоғамда өзін социофобпын деп атайтындар бар. Олар адамдармен араласудан қашады, өзімен-өзі жүргісі келеді. Дегенмен социофобия – мақтанатын дүние емес. Бұл – адамның өмірін қатты бұзатын психикалық бұзылыс. Ал интроверт пен социофобтың айырмасы қандай? Bugin.kz тілшісі жауабын іздеп көрді.
Интроверт болып туады, ал социофоб...
Интроверсия – туа бітті болатын қасиет. Интроверттер бала күнінен жалғыз жүргенді жақсы көреді. Олар шулы ортаға қарағанда тыныш жерден демалады. Өзімен-өзі жалғыздықта уақыт өткізгеннен күш-қуат алады. Ол – осы нәрсеге үйренген, мұнысы мінезі ретінде қалыптасып кетті десек те болады.
Ал социофобтар да бала күнінен өзі ғана өмір сүргенді ұнатқан ба? Жоқ, көбінесе олар бір кездері ашық-жарқын жүріп, қоғамда өзін белсенді ұстаған жан болған. Алайда белгілі бір оқиғаның кесірінен тартынып не адамдардан көңілі қалуы мүмкін. Сол себепті де қоғамнан алшақтап, тіпті, адамдардан қорқатын да дәрежеге жетуі мүмкін.
Социофобтардың қорқынышы
Интроверттерді не себепті психикасы бұзылған деп атамайтынын білесіз бе? Өйткені оларға осы өмірі өте жайлы. Жалғыз жүргеннен жаны тыныш болып, көңілі көтеріңкі болады. Артық ешкімді іздемейді.
Ал социофобтар үнемі адамдардың назарын ойлап тұрады. Қаншалықты ортадан қашса, соншалықты сол ортаға барғысы келеді. Алайда ойындағы түрлі елестетіп алған қорқыныштары адамдардан алыстата береді. Сол үшін үйінде жалғыз отырған қанша қызықсыз болса да, қоғамға қосыла алмайды.
Интроверттер сөйлесе алады, ал социофобтар ше?
Иә, интроверттер бірден ашылып сөйлеп кетпесе де, ортада әңгімелесе алады. Үлкен сахналарда сөз сөйлеп, жобаларын қорғайды. Пікір білдіріп, ойын ашық айтады. Әрине, мұның бәріне көп қуат кетеді. Алайда кейін жалғыз кітап оқып, энергиясын толтырады.
Ал социофобтар кез келген ортада сөйлеуге жасқанады. Ойын еркін жеткізе алмайды. Соның кесірінен даусы қысылып, қиналып күледі. Жылдам сөйлеп кетеді. Мұның бәрі сырттай байқалып тұрады.
Олар өзін қалай қабылдайды?
Интроверттер өзін қалай бар, солай қабылдайды. Ал социофобтар өз болмысын өзі жек көреді. Үнемі осы үшін өзін жазғырады. Өмірде адамдармен сөйлескеннің өзінен шаршап кетеді. Мәселен, кезекте тұрып, сатып алатын затын қалай сұрайтынына дейін дайындалып тұрады. Телефон қоңырауына не деп жауап беретініне аса сақтықпен қарайды.
Социофобтар үнемі осылай мазасыз күйде жүрсе, денсаулығын құртып, өмірге деген талпынысын төмендете беретінін ескеру керек. Арнайы мамандармен жұмыс істеуге кеңес береміз.