Bugin

Қазақ жері үшін Ленинмен 8 сағат қарсыласқан тұлғаны танисыз ба?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алаш зиялыларын қанша зерттеп, дәріптесек те біз елемей жатқан тұлғалар баршылық. Заманында ел үшін басын бәйгеге тіксе де, осы күні алып шаһар Алматыда есімі бірде-бір көшеге берілмеген Әлімхан Ермековты бірі білсе, біір білмейді.

Қазақтың жері үшін Ленинмен сегіз сағат пікірталасқа түскен өр тұлға туралы дерек көп, дәріптеу аз. Осыған байланысты Bugin.kz журналисі алаштанушы Елдос Тоқтарбаймен сөйлесті.

Алаш арыстарын бөліп жаруға біздің құқығымыз жоқ. Десек те, не себепті ерен еңбегі бар Әлімхан Ермеков туралы екінің бірі білмейді?

Әлімхан Әбеуұлы Ермек – қазақ тарихындағы аса көрнекті тұлға. Ол – ұлттық мемлекетіміздің негізін салушылардың бірегейі. Басынан түрлі қоғамдық формацияларды өткерген тұлғатын. Ол 1905 жылғы орыс революциясын, І Жиһан соғысын және Ақпан, Қазан ойранын көрген. Патшалық Ресей құлаған соң, қысқа уақытта отарлықтағы еліне азаттық сыйлауға ұмтылған, Ұлттық Үкімет құрамына енген Вице Премьер-министр және бүгінгі Қазақстанның территориясын нақты межелеген азамат ретінде ашаршылық пен қуғын-сүргін, ІІ Жиһан соғысын, Семейде атомдық бомба жарылғанын көріп, большевиктік биліктің түрлі саяси ылаңын, азабын көрген жан еді.

Сталиннің қудалауы мен азап түрмесінен атылмай аман шыққан төрт жас үміттің бірі – осы Әлімхан ағамыз болатын. Амал нешік, атылмады демесеңіз, оның бар ғұмыры бақылау мен аңдуға толы еді. Ол өзінің бойындағы бар күш-қуатын толық бере алмай, алаш заманы туралы естелік жаза алмай, шерменде халде құса болып өткен арыс болатын. Біздің елде ұлттық идеология жоқ, сол себептен де қазақ тұлғалары қоғамда дұрыс дәріптелмейді. Насихаты жоқ, жарнамасы кемшін. Әлімхан тұрмақ Алаш ұлт-азаттық қозғалысының саяси жетекшісі, көшбасшысы болған Әлихан Бөкейханның өзін қоғам толық танымайды емес пе! Кенесары ханнан соң Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртқан, ұлттық автономия құрған пассионар тұлғаны таныта алмай жатырмыз...

 

Біз Алматы қаласының көшелерін картадан қарап шықтық. Ермеков атында бірде-бір көше жоқ. Жер үшін күрескен тұлғаның атын бір көшеге бермеу опасыздық болып көрінбей ме?

Әлімханның атына көше түгілі университет берсек те жарасады. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры еді. Жер үшін болған шайқастағы ерлігі, журналистігі һәм саясаткерлігі жеке-жеке әрі жан-жақты кешенді зерттеуді қажет ететін жайттар.

Мысалы, Алматыдағы ең көрікті көшенің бірі – орыс ғалымы К. Тимирязевтің атына берілген. К. Тимирязев ешқашан Қазақстанға келмеген, біздің тарихымызға еш қатысы жоқ тұлға. Неге сол көшені мемлекетімізді құрған Әлихан Бөкейханның атына бермейміз? Осы сұрақ мені үнемі ойлантады. Әлихан Бөкейханның атындағы көше барахолка маңындағы қысқа әрі өте лас көше. Міне, біздің елдегі өз тұлғамызды бағалау мен насихаттаудағы сиқымыз. Ұят жағдай!

 

Әлімхан Ермеков секілді аты аз айтылатын тұлғаларды атасаңыз…

Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың саны өте көп. Оларды толық таныта алмадық. Зерттеу барысында да кемшілік көп. Мысалы, 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхаты» (Петиция) құжатына 12747 азамат қол қойып, мөр басқан екен. Бұлар өз заманының оқығаны мен бай-бағлан, ақ жағалы азаматтары еді. Осы азаматтарды жеке-жеке танып, зерттеп, насихаттамайынша қазақ тарихының Алаш кезеңі толық жазылып болды деп айтуға болмайды. Сондықтан әр алаштанушы жас ғалым тасада қалған беймәлім Алаш ерін көпке танытып, шырағын жағып, кітабын шығарып, мұрасын жинаса, сөз жоқ, халықтың рухы да көтеріліп, тарихи һәм мемлекетшілдік санасы қалыптасар еді. Өйткені Алаш ерлерінің мемлекетке адал әрі ақысыз-пұлсыз қызмет қылуы, демократиялық пікірі және әділдігі көпке өнеге, үлгі болады.

Уақыт бөліп, жауап бергеніңізге рақмет!