ДАМУ
Кез келген жұмыста, шығармашылық бірлестікте адамдар бір-бірінің ісіне баға беруі мүмкін. Жоспарлы түрде жұмыс атқару үшін де сын айтып жатады. Алайда ешкімнің көңіліне тимей, ренжітпей сынауға бола ма?
1. Мақсатыңыз не?
Біреуге өз ойыңызды білдіргіңіз келсе, не үшін айтқалы жатқаныңызды ойланыңыз.
Өзгені ренжітіп, жазалап, қатесін бетіне басқыңыз келіп тұр ма? Әлде істің мән-жайын анықтап, мәселенің шешімін тапқыңыз келе ме? Екеуінің мақсаты екі түрлі екенін ажыратып алыңыз.
2. Алдын ала ескерту
Сын айтқалы тұрған адамыңызға алдын ала ескертіңіз. Сонда ол жұмысындағы нюанстарды түсініп, талқылауға дайындалып келеді.
Сын - стресс, тіпті егер оны дұрыс қабылдауға тырыссақ та, көңілде бір кірбің қалады. Қанша жерден ортақ мүдде үшін айттым десеңіз де, серіктесіңізге әзірленуге уақыт беріңіз.
3. Жеке кездесіңіз
Кейде басшылар жақсы түсінсін деп, жиналыста қызметкерлерін жерден алып, жерге салады. Бұл да әдепке жатпайтынын білгеніңіз жөн. Сондай-ақ сынға қалған жан мұндайда ыңғайсызданып, айтылған пікірді дұрыс қабылдамайды да. Яғни сіздің бұл “әдісіңіз” нәтижесіз болды деген сөз.
4. Кері байланысты минуспен бастамаңыз
Мұндайда "Жасыл маркер" принципін қолданыңыз: бірінші қадам - жұмысының артықшылығын атап көрсету. Қандай жетістіктері болғанын тізіп айтыңыз. Осыдан кейін ғана қатеге қарай ойысыңыз.
5. Бағалау ма, сынау ма?!
Кейде адамдар сынаудың орнына қабілет-қасиетті бағалап, жеке басқа өтіп кетеді. Кез келген жұмыста қызметкердің түр-келбетін, мінезін тілге тиек етпеу керек. Оның өміріндегі өзгерістерге де араласпаған жөн. Сонымен қатар қызығушылығына ортақтасу да әдепке жатпайды. Жұмыста тек жұмыс процесі талқылануға тиіс. Сонда жеке шекара сақталып, қызмет барысындағы әңгімеге фокус қойылады.
Ал сіз сынаған жан түсінбеген дүниесі жөнінде сұрақ қойса, көмектесуге тырысыңыз.