ДАМУ

Шетелде білім алудың артықшылығы мен кемшілігі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстандықтар үшін шетелде оқу сәнге айналғаны қашан. Он бір жыл мектеп оқып, одан кейін арман қуып өзге елдің жоғары оқу орындарына табан тірейді. Үлкен дайындық пен еңбекті талап ететін мұндай шешімді қазіргі жастардың көпшілігі дұрыс санайды. Себебі, мүмкіндік көп. Десек те, шетелде оқудың пайдасы мен қоса зиянының да барын ұмытпаған абзал. Bugin.kz журналисі осы тақырыпты зерттеп көрді.

Алдымен пайдалы тұстарына тоқталсақ:

Тәжірибе алмасу. Түрлі елден білімді адамдар келіп, өз тәжірибесімен бөліседі. Жан жақты даму мен жаңа дүниелерді үйренесіз. Бұған дейін тек қазақы менталитетті көріп өссеңіз, мұхиттың арғы жағындағы халықтың бізге таңсық, біртүрлі ғұрыптарын көресіз. Қызық емес пе?!

Жаңа таныстар. Әлемнің әр түкпірінде сіз туралы жақсы пікір айта алатын, Қазақстанға барғысы келетін достарыңыз болғаны жақсы. Бір жағынан еліміздің имиджін көтересіз, екінші жағынан сол елдерге барсаңыз, сізді жалғызсыратпайтын таныстарыңыз пайда болады.

Тілді жетік меңгеру. Иә, елде жүріп бірнеше тіл меңгеруге болады. Интернетте бәрі бар. Ал практика жүзінде, бір күнде бірнеше азаматпен сөйлесу қандай курстан да артық екені анық.

Жұмысқа орналасу. Шетелге шығатындардың басым бөлігі ақша табу мақсатында баратынын жақсы білеміз. Бізде бір жылда табатын табысты, Америка, Оңтүстік Корея секілді елдерде бірнеше айда таба алады. Ал сол мемлекеттерде жоғару оқу орнын тәмамдап, бітірген мамандығыңызға байланысты жұмысқа орналассаңыз тіпті керемет. Бұл да таптырмас мүмкіндік.


Артықшылығына сәйкес, кемшіліктері де бар.

Біздің елде оқу ақысы қымбат екені мәлім. Ал шетелдерде мүлде қымбат. Сол ебепті жалақылары да, азық түлік бағалары да көп. Яғни, өмір сүру салты жоғары.

Жаңа орта табу. Сіз өміріңізде бұрын соңды кездеспеген ортаға, адамдарға тап боласыз. Жаңа таныстар тапқан жақсы, дегенмен достарыңызды, жанұяңызды сағынасыз. Оның үстіне сабақтардан қалу секілді кемшіліктерге көзжұма қарау бола бермейді. Жалпақ тілмен айтқанда, өзге елде қателіктер кешірілмейді.

Тіл мәселесі. Жоғарыда тілді меңгеру оңайға түседі дедік. Ал дәріс барысында қиын болуы мүмкін. Қарапайым сөздер болса мейлі, ғылымға қатысты сабақтарды түсіну қиын болуы мүмкін. Керуен жүре келе түзеледі деген нақылды да естен шығармау керек.

Атап көрсеткеніміздей, шетелде оқудың артық тұсы да, кемшіліктері де баршылық. Дұрыс таңдау жасап, өмірін өзгерту әркімнің еркінде. Бастысы алған білім мен жинаған тәжірибені туған елге қызмет ету барысында жұмсаса жеткілікті.