ДАМУ
Су – тіршілік көзі. Адам ағзасына оның пайдасы ұшан-теңіз. Сонымен қатар зияны да жетерлік. Осы ретте Bugin.kz порталы күніне қанша, қалай дұрыс тұтыну керегі жайлы мәліметтер ұсынады.
Судың қасиеті
Су – барлық тірі ағзаның негізгі құрамдас бөлігі. Жасы қанша болғанына қарамастан, барлық адамның денесінде 60-70%-ға жуық су болады. Судың көмегімен маңызды биохимиялық процестер жүреді, токсиндер шығарылады. Ол сондай-ақ терморегуляцияға қатысады.
Адам ағзасындағы су азайса...
Адам ағзасында су азая бастаса, тері құрғап, тіл ісінеді. Әлсіреп, ұйқысы келіп, басы ауырады. Содан кейін есінен адасып, өмірден өтеді. Мұндай жағдайға жеткізбес үшін үнемі жеткілікті мөлшерде су ішіп, ағзаны құрғатып алмау керек.
Судың адам ағзасына пайдасы
- Адам денесіндегі су мөлшері 1-2% - ға (жарты литр) азайған кезде шөлдей бастайды. Егер 10% су жетіспесе, жасушалар зақымданып, өлім аузына дейін апарады.
Күніне адам ағзасынан 2-3 литр су жоғалтады. Оның жарты литріне жуығы тыныс алу арқылы ғана кетеді. Сонымен қатар ыстық күні, өте ылғалды температурада, спорт кезінде суды көбірек тұтынады.
Судың адам ағзасына пайдасы көп. Ол тыныс алу үшін оттегін ылғалдандырады, дене температурасын реттейді, қоректік заттарды, дәрумендер мен минералдарды бүкіл денеге тасымалдайды. Өлі жасушалар, микроорганизмдер мен бактериялардың қалдықтарын жуады. Денедегі судың жетіспеуінен бірқатар патологиялық процестер басталады. Мысалы, ағзадағы су тапшылығының кесірінен қан қоюланады, нәтижесінде инфаркт пен бедеулікке дейінгі көптеген ауру пайда болады.
Судың зияны
Егер сіз бір мезетте 3 литр не одан да көп су ішсеңіз, денсаулығыңызға зиян тиюі мүмкін. Соның кесірінен гипергидратация болады, яғни бүйрекке шамадан тыс жүк түсіп, ісінеді. Сонымен қатар суды шамадан тыс тұтыну қандағы электролиттердің, атап айтқанда жасушалардың ішіндегі және сыртындағы сұйықтық арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын натрийдің концентрациясын төмендетеді.
Егер гипергидратация үдесе, онда адам алғашында құсып, тепе-теңдігін жоғалтады. Кейіннен зәр шығару процесі бұзылып, ісініп кетеді.