ДАМУ
Отандық спортшылардың бірі: «аралас жекпе-жек, күрес, бокс секілді ауыр спорт түріне екінің бірі келе бермейді. Отбасындағы қаржылық мәселеге байланысты сондай таңдау жасайды, ал байдың балалары мұндай қадамға бармайды» деген еді. Рас, аңызға айналған қайсыбір спортшы болсын, көбі жоқтықты көрген. Bugin.kz журналисі бокс әлемінде аты алтын әріппен жазылған Мэнни Пакьяоның өміріне үңіліп көрді.
Эммануэль Дапидран Пакьяо 1978 жылы Филиппиннің самсаған халқы бар Букиднон провинциясында дүниеге келген. Алты баланың ішінде төртінші болса да қырға шығып көбелек қуатын балалығы болмады. Отбасының қамы үшін қара жұмыс істеуге мәжбүр еді.
Анасы шырақшы болуды қалағанымен, бала Мэнни боксты сүйді. Он үш жасында әкесі бақиға аттанды. Амал нешік, күндіз қара жұмыс істеп, түнде жаттықты. Әбден машықтанғаны сонша көше төбелесінде де бақ сынады. Ұтысы үшін алатын 100 песо ақшасы америкалық 2 долларға тең. Ол дегеніңіз сол кезгі есеппен 25 келі күріштің құны. Анасы төртінші баласының мұндай шешіміне қарсы болып, қанша ұрысса да бала көңілі ештеңеге қарамады. Жағдайы төмен екені сонша, оқуды да тастауға мәжбүр болды.
14 жасында Мэнни анасына айтпай, алып қала Манилаға жол жүреді. Үлкен шаһарда мүмкіндік те көп. Шаршы алаңда өнер көрсетемін деп барған ол, бастапқыда металл кескіш болып жұмысқа орналасады. Үйі жоқ болғасын, жұмыс орнында қонуға мәжбүр болды. Күні бойы жұмыс істеп, тек түнде ғана жаттығады. Қызығы сол, ел астанасында алғаш барып жаттыққан спортзалды бірнеше жылдан кейін сатып алып, спорт мектебін ашады.
Екі жыл шыңдалған Пакьяоны спортзалдың иесі алғаш телешоуларға шығара бастайды. Иә, ол кезде техникасы мен бокстасу стилі өзгеше еді. Азиядағы алғашқы титулдарын жеңіп алған ол кәсіпқой бокстың отанына айналған Америкаға барады. Қарға бойлы, арықша келген азиатқа ешкімнің қызығушылығы болмаған. Тұлпарды тайынан таныған жалғыз Фредди Роуч есімді тәжірибелі бапкер болды. Міне, аса жеңіл салмақтан бастап, жартылай орта салмақта да атой салған филиппиндік жігіттің нағыз бокс әлеміне деген алғашқы қадамы осылай басталды.
1995 жылы кәсіпқой боксты бастаған Мэнни он екі айдың ішінде 11 жекпе-жек өткізген. Мұқалмас жігер деген осы шығар, краьерасында 72 кездесу өткізіп, алпыс екісінде басым түсіп, тек 8 кездесуде есе жіберген. Бокс жанкүйерлерінің Мэнни Пакьяоға деген ықыласы ерекше. Ал Филиппиндегі жерлестеріне мыңдаған үй салып берген чемпионды өз елінде танымайтын жан жоқ. Ол президент емес, бірақ өз мемлекетіндегі нөмірі бірінші адам.
Заманында «Пакмен» деген лақап атты естіген біраз боксшы қалтырап қалатын десе артық айтпаймыз. Осы тұста қызық дерек келтірейік: 2003 жылы Филиппинде бокс кеші өтті. IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы белдігін иеленген Мэнниге қарсы қазақтың қара домалақ баласы шаршы алаңға шықты. Чемпионмен өз жерінде бокстасу қиын екені анық, бірақ Алматы қаласының тумасы Серікжан Ешмағамбетов төртінші раундта Пакьяоны ауыр нокдаунға түсірген. Ал жекпе-жекте жерлесіміз техникалық нокаутпен есе жібереді. Бұл да тарих.
Мэнни Пакьяо сынды тұлғалардың өмір жолына қарап таңданасың. Адам белгілі бір жетістікке жетуі үшін міндетті түрде қиыншылық көру керек секілді көрінеді. Қазір мотивацияны түрлі тренингтен іздейтін азаматтардың қарасы көбейген, мотивация керек болса Мэнни Пакьяоның өмірін бір оқып алса да жеткілікті.