Weekend
Жапон жазушысы Кикучи Кан турасында
"Коджики" шежіресі (712) мен "Манъесю" өлеңдер жинағынан (759) бастау алатын Жапон жазба әдебиеті бұл күндері әлем назарын өзіне жиі-жиі аударуда. Тамырын тереңнен алатын әдеби үрдістің ізбасарлары әдебиеттің даңықты төрі – Нобель әдебиет саласын үш рет бағындырды. Жапония елі үшін, Нобель әдебиет саласының ең алғашқы есігін ашқан Ясунари Кавабата (1899-1972) болды. 1968 жылы «Жапон сана-сезімін жазушылық шеберлігімен жеткізе білгені үшін берілген». Бұдан кейін іркес-тіркес 1994 жылы Кэндзабуо Оэ иеленсе, 2017 жылы бойында жапон қаны бар, тағдырдың өкпек желі айдап, шетелдің, атап айтқанда Ұлыбританияның топырағында жүрген Кадзуо Ишигуро иеленді. Тіпті, жақынғы жылдардан бері бұл сыйлықтың иегерлеріне көңілі толмай жүрген оқырман қауым, бұл жылғы сыйлықты нағыз әдебиетші алды деп, бөркін аспанға атты. Жарты ғасыр ішінде, Нобель әдебеитін үш рет бағындыруы, жер көлемі жағынан шағын елдің (Бұған дүние жүзілік екінші соғыстағы қасіретін қосыңыз) әдебиеті мен мәдениетінің тез арада әлемдік сахнаға шығып үлгруі, шынында адам таңғаларлық жағдай. Ал, осы жазушыларға даңғыл жол салып берушілердің бірі – Кикучи Кан (1888-1948)
2018 жылы 12 қаңтарда «Қазақ әдебиеті» газетінде Шарапат Жылқыбаеваның аудауымен Кикучи Канның «Жұмақ» деген шағын әңгімесі жарияланды. «Күйеуі дүниеден озғалы күндіз-түні Онишисамаға (Жұмақтағы өмір ілімін үйретуші) сиынумен өткен» Окан жұмақты барынша армандаған будда дінің адал мүриті. Сондықтанда ол өлімнің мәніне сенетін. Тіршілігінде оншалықты нәзік һам құдыретті сезіле бермейтін Комондзэкисаманың өзі тұрған шйоу үнімен бірге пәниден бақиға аттанған Оканның ендігі арманы – Жұмақ. Будда дінінің ұстанымы бойынша сана қайта оралады деген түсінік бар. Онда ібілстің аздыруына еріп, қылмысты болып жұмақтан қуылған адам ата мен хау ананың пәнидегі ұрпағы, қашан өз қылмысын жуып, толықтай тазармайынша жер бетіне бірде адам, адамдық денесінен жаны бөлінген соң құс болып жер бетіне қайтып оралады. Қашан қылмысын түгелдей жуып, жұмақ төріне шыққанша, бұл үрдіс қайталана береді деген түсінік бар. Сондықтан да будданың әрбір мүриттері сананың қайтып оралуына бек сенеді. Адамның жаны қиналмас жеңіл өліммен о дүниеге аттанған Окан, жан-жағын қоршаған қою қараңғылық ішінде алыстан көрінген жарық сәулеге талпынып бақидағы сапарын бастайды. Өзінің жұмаққа әлде тозаққа бара жатқанын толықтай біле бермеседе, Амиданың дауысына сенетін Окан өзін жұмаққа бара жатырмын деп иландырады. Ол қателеспеген болатын. Он жыл бойы көріспеген күйеуі Соубээмен кездесуді ойлаған сайын Окан дамылсыз алға басуда. Қараңғылық сөгіліп, алдынан жарық көкжиегі көрінді. Күн мен айдың сәулесінен де күшті алтын нұрларды көргенде, өзінің жұмаққа жеткенін сезген оканның қуанышында шек болған жоқ. Пәнидегі үлкен сарайлардан да сәулетті сарай ішінде Хакудокусуй суын көргенде, нақ жұмаққа жеткенін сезді. Жұмақтағы алып ағашта, қазақ мифологиясында суреттелетін кентавыр бейнесіндегі карйоубинга құсы сайрап тұр. Дәл осы сәтте Окан өзі сенген діннің қасиетіне мейілінше сеніп, айтылған өсиеттердің ақиқатына көз жеткізді. Будда дінінде суреттелетін жанашыр жан, оны жетектеп әкеліп күйеуі отырған тұғырға отырғызды. Олар осы жерде отырып, рухтың қайтып оралуын күтеді. Рухы қайтып оралса, жер бетіне шықпақ. Бірақ Окан үшін жұмақтың лаззатты шақтары әлі аяқтай қойған жоқ. Исілам дінінде, некелі жандар бақи дүниеде бір-бірін іздеп табады деген ұғым бар. Ал, бұл ұғым будда дінінен де табылады. Окан өз күйеуін тапты. Осы жерде, мақаланың шығарма туралы айтылар тұстарын тоқтата тұрып, мына бір жайытты қыстыра кетуге тура келді.
Қытайда шығатын «Оқырман өресі» деген танымдық дүниелерді көптеп бастаын үлкен журнал бар. Сол журналда мынадай бір қызық уақиғалы дүние басылған. Бірде адамдар көптеу орналасқан қалаға бір бай үлкен сарай салдырады. Сарайға еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін кіре алады. Кіріп-шығу тегін. Сонымен бірге сарайда қанша күн жатам десең ерікті. Жатар орын, киер киім, ішер астың барлығы өз уақытында ақысыз таратылады. Онда ешқандай жұмыс істемейсіз. Сарайдағы бау-бақша көздің жауын алады. Бір сөзбен айтқанда пәниедегі жұмақ деуге болады. Сол сарайға бір күні өмірі иіні шығып тоймаған, иығы жылтырап киім кимеген бір мосқалдау адам келеді. Келеді де бұл сарайдан енді кетпеуге бекиді. Бәрі дайын. Адамға керекті қызықты жайыттердің бәрі бар. Әлгі мосқал адам бастабында бұл жерді жұмақ деп біледі. Күндер өтеді, айлар өтеді, жылжып жыл өтеді. Содан барып, мосқал адам бұл сарайдан жалыға бастайды. Бастабында өзі жұмақ деп білген сарайдан көңілі қалады. Бір күні сарайдың жұмысшысына: Бұл сарайды жұмақ деуші еді, мен жалықтым,- деп назын айтады. Сонда сарай жұмысшысы күліп: бұл сарай жұмақ емес, нағыз тозақ,- деп жауап береді. Аңырып қалған мосқал кісі, ақырын басып «Жұмақ» сарайдан шығып кетеді. Біз жазып отырған шығармадағы Окан да күндер өте келе жұмақтан жалыға бастайды. Бір ізді қайталана беретін жұмақтағы рахатты күндер оны әбден мезі қылады. Содан бірде күйеуіне: Қашанға дейін отырар екем,- деп тіл қатады. Күйеуі: мәңгілік, мәңгілік,- деп жауап береді. Осылай қалыпты ритімдегі күндер Оканды жұмаққа деген сүйіспеншіліктен жұрдай етті. Әңгіменің шырқау шегінде, осы уаққа дейінгі әйелінің сұрақтарынан әбден титықтаған Соубээніңде назарын аударатын қызық сұрақ қойылды.
– Тозақ деген қандай болады өзі?
Осы кезде бұл сұраққа Соубээде (күйеуі) таң қалады.
– Иә, қандай мекен екен? Қорқынышты шығар. Бірақ, мынау сияқты жалықтырмас.
Ерлі зайыпты екеуі енді тозақты армандай бастайды. Көруге ынталары ауады. Бірақ оларға тозақ бұйырмаған. Егер жұмақтың адамды жалықтыратынын білсе, олар тіршілігінде, мүмкін жұмақты аңсамайтында шығар. «Екеуі осылайша қолы жетпеген «тозақ» суреттерімен аңсарын басып, лотос тұғырда мәңгілік отырған болар...» әңгіме осылай аяқтайды.
Жоғарыда біз қыстыра баяндаған жер бетіндегі жұмақ сарайдағы уақиғада, Кикучи Канның «Жұмақ» әңгімесінде де адамның айнығыш көңілі суреттелген. Осы жерде Абай Құнанбайұлының:
Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да,- деген өлеңі ойға оралады. Адам бастабында жақсы деп айтылатын барлық нәрсеге ұмтылады. Соған қолы жетіп, дәмін татқан соң көңілі қала бастайды. Айнығыш сезімі жеңіп, тағы бір жаққа жетелейді.