МӘДЕНИЕТ
2023 жылғы 22 сәуірде «EURASIAN BOOK FAIR – 2023» Еуразиялық халықаралық VI кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалалар туралы кітаптар оқырмандар назарына ұсынылды.
Атап айтқанда, «Фолиант» баспасында қазақ тілінде жарық көрген Кәдірбек Сегізбайдың «Алматы», Несіпбек Дәутайұлының «Тараз» және Мархабат Байғұттың «Түркістан» атты еңбектерін және Қытайдың «Синьсин» мемлекеттік баспасы қытай тілінде шығарған «Тараз» кітабының таныстырылымы өтті.
Аталмыш шараға ҚХР Қазақстан Республикасындағы Елшілігі, ҚХР Шет тілдердегі әдебиеттерді шығару және тарату істері жөніндегі басқармасы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Жазушылар Одағы, Қытайдың «Синьсин» мемлекеттік баспасы, Алматы және Тараз қалаларының әкімдігінен, Қазақстанның «Фолиант» баспасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшылары мен өкілдері және «Алматы» кітабының авторы Кәдірбек Сегізбай қатысты.
ҚХР Шет тілдердегі әдебиеттерді шығару және тарату істері жөніндегі басқармасының орынбасыры, «Жібек жолындағы 100 қала» атты кітаптар топтамасының редакциялық алқа директорының жауапты орынбасары Лу Цайронг аталған шараның маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Жібек жолындағы жүз қала» атты кітаптар топтамасы халықаралық баспа істері саласындағы ақтаңдақ орнын толтырып қана қойған жоқ, сонымен қатар қалалардың биографиялық әдебиет шығармашылығын дамытуға зор ықпал етті, қалаларды зерттеу мен түсінуді тереңдете түсті және «Бір белдеу – бір жол» бойындағы елдердің баспа ісі саласындағы мәдени алмасуларында күшейтті» – деді Лу Цайронг.
Сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан Жазушылар одағына, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына, «Алматы», «Тараз», «Түркістан» қалаларының әкімдігіне, «Фолиант» баспасына, Кәдірбек Сегізбай, Несіпбек Дәутайұлы және Мархабат Байғұтұлы сынды қазақ жазушыларына алғыс білдірді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың маңыздылығана тоқталды.
«Жібек жолындағы 100 қала» атты жобаның екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық қана емес, достық қатынастарды дамытуға да септігін тигізетінін айтты.
ҚХР Қазақстандағы Елшілігі баспасөз және қоғамдық дипломатия бөлімінің меңгерушісі Ли Гван Цзо аталмыш жобаның Қытай мен Қазақстан халқы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыруға маңызды үлес қосатынын атап өтті. Ынтымақтастықтың жемісті нәтижелеріне ықпал еткен екі ел азаматтарының қажырлы еңбегіне құрметпен қарайтынын жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет «Жібек жолындағы 100 қала» жобасының Қазақстанның тарихы терең үш қаласы – Тараз, Түркістан, Алматы туралы үш кітаптың жазылуына мұрындық болғанын атап өтті.
«Орта ғасырларда ірі өркениет ошағы болған жүз қаланың тарихын жазу, оны миллион-миллиардтаған оқырманы бар елдің тіліне аударып шығару – игілікті іс. Бұл үш қаланың тарихы терең және ол үшеуі әлемдік өркениетке зор үлес қосқан қалалар болып табылады» – деді Ұлықбек Есдәулет.
«Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков еліміздің мақтанышы болып есептелетін, әлемдік өркениетте өзіндік орны бар үш қаланың көне қалалар тарихынан сыр шертетін «Жібек жолындағы 100 қала» атты кітаптар топтамасына енгеніне ризашылығын білдірді.
Ұлы Жібек жолының мәдени жалғасы іспетті «EURASIAN BOOK FAIR – 2023» Еуразиялық халықаралық VI кітап көрме-жәрмеңкесінің халықтар арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді деп сенетінін айтты.
«Алматы» кітабының авторы Кәдірбек Сегізбай кітаптың жазылу тарихына тоқталды. Кітапты қытай тілінде басып шығарған «Синьсин» баспасына алғысын білдірді.
Қытайдың «Синьсин» мемлекеттік баспасының директоры Ма Руджун: «2013 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Жібек жолының экономикалық белдеуін» жүзеге асыру идеясын Астанада, «Назарбаев Университетінде» әлем назарына ұсынды. Биылғы жылды қосқанда 10 жылға толады. «Жібек жолындағы жүз қала» жобасының бастапқы мақсаты – осы ұлы бастамаға үн қосу еді. Дәл осы маңызды тарихи оқиғаны толық әйгілеу және еске алу мақсатында бүгін біз осы бастама көтерілген Астана қаласында «Жібек жолындағы 100 қала» атты кітаптар топтамасының тұсаукесерін өткізіп отырмыз. Сонымен қатар, бүгінгі тұсаукесер Қытай мен Қазақстанның мәдениет пен баспа саласындағы ынтымақтастықты нығайтудағы жетістіктерінің көрінісі болып саналады» – деді.
Іс-шара соңында «Фолиант» баспасында орыс тілінде жарық көрген қытайдың «Шанхай», «Чжухай» және «Хами» қалалары туралы кітаптар мен қазақ тілінде шыққан «Алматы», «Тараз» және «Түркістан» қалалары туралы кітаптар және «Тараз» кітабының қытай тіліндегі нұсқасы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына сыйға тартылды.