ДАМУ

Отандық ТОП-3 криминалды фильм

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Рэкетир» (2007 ж.)

Алып империя саналған, бірқатар ұлтқа геноцид жасаған Кеңес үкіметі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары азып-тозып құлаған шағында, әр ел өз егемендігін алды. Билік қағаз жүзінде үкіметте болғанымен, халық алдында абыройға ие болғандар қазақтың мен деген жігіттері еді. Бейбіт күнде батыр тумайды, елге қауіп төнсе ғана сайдың тасындай жігіттер әр заманда табылғанына куәміз.

Ақан Сатаев режиссерлік етіп түсірген «Рэкетир» фильмі тоқсаныншы жылдарды бейнелейді. Әр мекеменің, кәсіпкердің, базар мен мейрамхананың тыныштығын қамтамасыз ететін жігіттері болды. Фильмде әкесі мен анасының жалғызы Саян - басты кейіпкер. Бала күнінен спортты серік етіп, түрлі жарыстарда қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп жүрген жігітке жергілікті қылмыстық топ мүшелері ұсыныс тастайды. Тоқырау жылдары ата-анасы жұмысынан айырылып, үйіндегі дүниесін көшеде сатуға да мәжбүр болған. Мұндай жағдайда ешкім мүмкіндікті жібермесі анық. Саян шешім қабылдап, қылмыс әлеміне қадам басады.

Топ басшысы Руслан есімді апталдай азамат. Мінезі тік болғанымен, қолы ашық. Қол астындағыларға ақшаны еселеп береді. Есесіне кинода өз арасынан сатқын шыққан жоқ. Уақыт өте келе қылмыстық топ мүшелері көбейеді. Арада бірнеше жыл өткен, билік күшейген, құзырлы органдағылар Руслан бастаған жігіттерді жиі тексеруді әдетке айналдырған.

Уақыт өте топ басшысы Русланға қастандық жасалып, артынан Саянды да бірнеше мәрте пышақтайды. Фильм тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы мемлекеттерде де танымал әрі сарапшылардың да жоғары бағасына ие болған. Иә, кино керемет түсірілген. Бірақ соңында көрерменге үлгі боларлық көрініс бар. Соған қарап, қылмыс әлеміне кірудің соңы үлкен қайғымен аяқталатыны көрсетілген.

 

«Райондар» (Районы) (2016 ж.)

1987 жылы «Театралка» ауданынан Алматы қаласының орталығына Арсен мен анасы және қарындасы көшіп келеді. Жоғары сыныпта оқитын ол қаладағы беделді мектептердің бірінде білім алуын жалғастырады. Сыныбындағы оқушылармен тез тіл табысып кеткен ол, алғашқы күні-ақ қала өміріне еніп кетті. Сабақтан қашу, ақша жинап ішімдік алу, шылым шегу үйреншікті іске айналған. 

Ақан Сатаев криминалды фильм түсіргенде алдына жан салмайтын маман. Оған «Рэкетир» дәлел, «Райондар» туындысы дәлел. Актерлердің ойнауы, киім үлгілері, тоқсаныншы жылдары айтылған фразалар егде жастағы адамдарға ностальгия болары анық. 2016 жылы қалың көрерменге жол тартса да, киноны көргенде 90-шы жылда жүргендей боласыз.

Қала өміріне қанық болған шымыр жігіт алғашқы махаббатын да осы мектептен кезіктіреді. Мектепте оқымайтын, «районда жүретін братандармен де» танысады. Сыныбындағы ең жақсы баланың бірі Хабиб өзіне қол салады. Мұның бәрі айтқан сөзін орындайтын, тік мінезді Арсенге оңай тиген жоқ. Ол сол аудандағы жүйеге қарсы шығады. Бұрын ешкім жасамаған қадамға барады. Атағынан ат үркетін «Марлен» есімді абыройлы «братанын» бір оқпен мерт қылады.

«Рэкетир» картинасының екінші бөлімі шыққанымен дәл «Райондар» секілді көрермен көзайымына айнала алмады. Бірақ екеуі де бір маманның қолынан шыққан туынды.

 

«Тараз» (2016 ж.)

Қазақстандағы ең криминалды қаланың бірі – Тараз. Қазір заман өзгерді, бірақ 10-20 жыл бұрын бұл қалада жүру қиын болған деседі. Оған себеп, бұрын Тараз өңірінде бақандай 3 түрменің болуы деп те қарастыруға болады. Фильмге оралсақ.

Нұртас Адамбайдың туындыларының көбі халықтың көңілінен шыққан емес. Мәселен, «Ауылдан қашу», «Келинка Сабинка» сынды кинолары біраз сынға ұшырады. Ал «Тараз» картинасы көрермен тарапынан ондай наразылыққа ие болған жоқ. Десек те, осыған дейін түсірілген фильмдермен салыстырғанда айырмашылық көп. Желі қолданушылары да бұл туралы жиі жазған.

2016 жылы көрсетіле бастаған шығарманың жанры да ерекше, драмаға да триллерге де жақын. Басты рөлдерді Еркебұлан Дайыров, Нұртас Адамбай, Асан Мәжит секілді белгілі актерлер сомдайды. Бәлкім сол үшін де шығар, прокатқа шықпай тұрып ел аузында айтылып жүрді.