МӘДЕНИЕТ
Әлем бойынша адам баласының сүйікті істерінің бірі - әуен тыңдау. Саз бен ән әрбір жанның бойына рухани азық бере отыра, жүректен кіріп, бойды алады. Бұл ғажайып үнге тамсанатындардың саны өте көп. Тіпті кейбіреулері музыкалық аспаптарда ойнауды үйреніп, өмір жолын соған арнап жатады. Бір қызығы музыкалық аспап дегенді естісе, көпшіліктің ойында гитара немесе пианино тұрады. Ал жер бетінде тірі жан білмес сирек кездесетін аспаптар жеткілікті. Олардың өзгелерден ерекшелігі соншалық, атауының өзі құлаққа бірден үйренісіп кетпейді.
Вотерфон
Атауы айтып тұрғандай аспаптағы басты рөлді су атқарады. Судың көмегімен аспаптан әсем дыбыс шығады. Вотерфон - тозбайтын болаттан жасалған резонатор ыдысы мен тостағанның шетінде орналасқан әртүрлі ұзындықтағы қола шыбықтардан тұрады. Дыбыстар резеңкеден жасалған балғалармен, саусақтармен және әр түрлі діріл тудыра алатын кез келген құралдар арқылы шығарылады. Тостаған ішіндегі судың қозғалысы вотерфонның дыбысын өзгертеді. Бұл аспапты 1968 жылы Ричард Уотерс ойлап тапқан болатын. Музыкалық аспап "Полтергеист" және "Матрица"секілді фильмдердің саундтрегінде қолданылды.
Яйбахар
Яйбахар - Таяу Шығыстан шыққан ең ерекше музыкалық аспаптардың бірі. Бұл акустикалық аспапта барабан жақтауларының ортасына серіппелерге бекітіле оралған жіптер бар. Аспаптағы жіптерді қозғап, ойнап жатқан сәтте, діріл пайда болады. Дыбыс бөлменің барлық жеріне тарап, үңгірдің ішіндегі жаңғырық сияқты жаңғырып, гипноздық дыбыс шығарады.
Неллофон
Бұл музыкалық аспапты көпшілігі медузаға ұқсатады. Толығымен қисық түтіктерден жасалған неллофонды ойнау үшін орындаушы орталықта тұрып, түтіктерді арнайы қалақшалармен ұрады, осылайша оларда резонанс тудыратын ауа әртүрлі дыбыстарды шығарады.
Терменвокс
Келесі кезектегі музыкалық аспаптың ерекше дыбысына атауы толығымен сәйкес келеді. Бұл аспаптың басты өзгешелігі - үрей тудыратын үнінде. Оны қорқынышты фильмдерге арналған музыканы жасау үшін жиі қолданады. Құралды 1928 жылы Лев Термин ойлап тапқан. Музыкант қолынан аспаптың антенналарына дейінгі қашықтықты өзгертеді, сол арқылы дыбыс биіктігі өзгеріске ұшырайды.
Глюкофон
Аспап екі тостағаншадан тұрады. Әрбір тостаған сізге қажет таза, қанық дыбысты беру үшін жеке реттеледі. Оның төменгі бөлігінде тесік бар, ал жоғарғы бөлігінде бес-сегіз «тіл» кесілген. Аспап музыканттың тізесінде жатады, «тілдерді» саусақтармен соғады, алақан немесе жұмсақ басы бар таяқтар қолданылады. Глюкофонның дыбысы буддалық медитацияда қолданылатын тибет тостағанының немесе қоңыраулардың дыбысын еске түсіреді.
Ақжан Берікқызы