ДАМУ

Көңіл күйіңіз түскен кезде жасау керек 6 әрекет

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әдетте адамдар көңіл күйі түскен кезде не істейді? Сол ситуациядан ұзақ уақыт шыға алмайды, еш нәрсеге зауқы соқпайды. Мазасыз бола түседі. Алайда бұлай жүрудің еш пайдасы жоқ. Сол кезде мына әрекеттердің сізге пайдасы тиюі мүмкін.

1. Эмоцияңыз жайлы айтыңыз
Жақын адамдарыңызға көңіл күйіңіздің түсіп тұрғанын айтып үйреніңіз. Өйткені олардың қолдауы мен көмегі қажет болуы мүмкін. Тіпті сізді құшақтағанын не жалғыз қалдырғанын қаласаңыз да, ашық жеткізіңіз. 

2. Детектив болыңыз
Иә, өзіңізді ізкесуші ретінде елестетіңіз. Көңіл күйіңіздің не үшін түскенін еске түсіріңіз. Ұйқыңыз қанбады ма, жаңа жобаны бастаудан қорқып тұрсыз ба? Әлде жақын адамдарыңызбен сөзге келіп қалдыңыз ба? 
Барлығында мазасызданатын сәттер болады. Тек себебін білсеңіз, әрі қарай соған сай шешім қабылдайсыз. 

3. Мәселелеріңізді шешімін табыңыз
Шаршадыңыз ба? Кем дегенде бір сағат ұйықтаңыз. Қарыныңыз аш па? Түскі асқа барыңыз. Жұмысты уақытылы орындай алмай, соны уайымдап отырсыз ба? Әріптестеріңізден көмек сұраңыз немесе басшыңыздан тапсырманы жеңілдетуін сұраңыз. Нашар көңіл күй сыйлайтын мәселелерді неғұрлым тез шешсеңіз, соғұрлым өзіңізді жақсы сезінесіз.

4. Маңызды шешімді кейінге қалдырыңыз
Кейде көңіл күйіңізді түсірген нәрсені кейінге қалдыруға тура келеді. Мәселен, жақыныңызбен ренжісіп қалсаңыз, әрі қарай қазбалап сөйлеспеген жөн. Бір сәтке тынышталып, нашар атмосфераның әсері басылғанын күту керек. Өйткені бір-біріңізге ауыр сөз айтып, мәселе ушығып кетуі мүмкін..
Біз қатты толқып, эмоцияға берілген кезде әлемге тар шеңбер секілді қараймыз. Асығыс шешім қабылдап қоямыз. Сол үшін мұндай кезде барынша сабыр сақтаған абзал.

5. Қалай әрекет ету керек?
Ауқымды мәселелерді кейінге қалдырған кезде өзіңізді тыныштандыруға тырысыңыз. 10-15 минут медитация жасауға болады. Негатив ойларыңызды қағазға жазыңыз. Спортпен айналыссаңыз да, бойыңыз сергіп қалады. Серуендеп жүріп қайтсаңыз да болады. 20 минут ұйықтап демалыңыз. Ұйқы мидағы артық қоқыстан тазартады.

6. Бәрі өткінші
Өмірдегі түрлі ситуацияға байланысты адамның көңіл күйі құбылмалы болуы - қалыпты жағдай. Мұндай аумалы-төкпелі кезеңдерді қабылдап үйрену керек. Сәл шыдамды болу қажет. Өйткені барлығы да өтпелі екенін есіңізден шығармаңыз.