Спорт

Қазақ спортшыларына олимпиадада жасалған ТОП-3 әділетсіз шешім

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әділетсіздік көп болатын саланың бірі – спорт. Қазақстан спортшылары кез-келген ірі жарыстарда алтын еншілеп, елдің ықыласына бөленеді. Әсіресе, бокс, күрес, дзюдо сынды спорт түрлерінен шыққан шеберлер жетерлік.

Десек те, төрт жылда бір рет болатын жазғы олимпиадада қазақ спортшыларына жасалған әділетсіздіктер де аз емес. Bugin.kz ел есінде қалған 3 әділетсіз шешімді ұсынады.

Болат Жұмаділовтың жеңісін жерге таптады
Қазақстан спортшылары бокстан әрдайым бірінші болды. Кеңестік кезеңнің өзінде қаншама қиындық көріп, шетелдерде болған турнирде топ жарып жүрді. Тәуелсіздік алғаннан кейін шын мықтылар көк туымызды әлемге танытты. Ал бокстан әуесқойлар арасында алғаш чемпион болған Болат Жұмаділов еді.

Жұмаділов 51 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, әлемге өзінің мықты спортшы екенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Азиядан екі рет алтын, Хьюстонда өткен әлем чемпионатында да үздік атанған ол олимп шыңын бағындыра алмады. Бір емес, екі рет финалға шықты. 1996 жылы Аталанта олипиадасында бабы келсе де, бағы болмады. Біздің спортшы қарсыласын сабағаны үшін төрешілер оның балын шегеріп тастағандай көрінді. Қазақ баласының жеңісін жерге таптады.

Спортсүйер қауымға бұл кездесу 1988 жылғы Рой Джонс пен Пак Си Хунның жекпе-жегін еске салды. Төрт жылдықтың дүбірлі додасы Оңтүстік Кореяда өткеннен соң, барлық раундта опық жеп, тіпті нокдаунға түскен Пак кездесу соңында жеңіске жеткен еді.

Үнді ойына келгенін істеді
Елімізде күрес түрлерінен әлем және олимпиада чемпиондары шықпағалы біраз жыл болды. Оған ел ішіндегі жүйенің әсері тиіп жатыр. Қазақ балаларына сенім арта алмаған кейбір азаматтар, легионерлерді әкеліп жатты. Тіпті, соның сойылын соғып, шын мықтының аяғына тұсау салды. Соның бірі Ақжүрек Таңатаров. 2008 жылы ел ішінде қарсылас шақ келтірмесе де, жаттықтырушылар Бейжің олимпиадасына өзге елден келген, «ақшаға» күресіп жүрген спортшыны апарған. Бұл туралы Таңатаровтың өзі БАҚ-на берген сұхбатында айтып берді.

Білікті басшы келіп, 2012 жылы Ақжүрек Таңатаров Лондон олимпиадасында қола жүлдені жеңіп алды. Бұл қазақ спортшылары үшін үлкен жетістік болды. Себебі, қола жүлденің өзі алтынға пара-пар болған-ды. Жартылай финалда үнді спортшысымен бақ сынасты. Тағы да әділетсіздік орын алды. Көз шұқыды, құлақ тістеді, бірақ оны көрген төреші де жоқ, көріп тұрып шағым берген жаттықтырушы да жоқ. Кім білсін, сол кезде видео қайталауға жүгініп, әділ шешім сұрағанда қазақ баласының бағы жанар ма еді?!

Путиннің оққағарын құлатқан Левит
2016 жылы Бразилияның Рио қаласында кезекті олимпиада ойындары өтті. Әдеттегідей қазақ боксшылары көштің басын бастады. Қазақстандықтар ерте қуанғанын ол кезде білмеген де шығар. Себебі, әр жекпе-жек сайын жеңісті тартып алып отырды. 

Бокстан түрлі турнирлерді ұйымдастыратын AIBA халықаралық ұйымының былығы сол кезде басталған. Ең сорақысы финалда болды. 81 келіге дейінгі салмақта финалға шыққан отандасымыз Василий Левит ресейлік Тищенкоға қарсы жұдырықтасты. Тоғыз минутқа созылған үш раундтың үшеуінде де Левит ұзын бойлы ресейлікті сабады. Бір мәрте есеңгіретіп, нокдаунға түсірді. Бокстан екінші алтын уысымызда деп ақкөңіл қазақстандықтар ерте қуанғанын сол кезде көрдік. Рефери Тищенконың қолын көтерді. 

Бұған «ғасыр тонауы» деп ат беруге де болар еді. Данияр Елеусіновтің алтын алғанын көп көрді ме, белгісіз. Әйтеуір ең сорақы шешім сол болды. Кейіннен БАҚ беттерінде әлгі алтын алған ресейлік Путиннің оққағары екенін айтылды. Бұл шынайы дерек еді. 
Қазір AIBA ұйымы олимпиадаға қатыспайды. Былыққа батқан бокс спортын олимпиада ойындарынан алып тастау да қарастырылып жатыр.