Әлем

Аңызға толы әлемдегі 7 жұмбақ орын

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Табиғат пен қоршаған орта әрқашан адам баласын өзінің ерекше құбылыстарымен таң қалдырып келеді. Көзіміз үйреніп қалған мекендерден  бөлек, әлем бойынша көптеген жерлер әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Бүгінде сиқыр мен құпияға толы орындар аз емес. Оның біреулері аңыз-әңгімелерімен танымал болса, өзгелері ешкім танып біле алмаған сырымен әйгілі. Бұл  жерлердің ғажаптығы соншалық, қауіпті болса да жыл сайын мыңдаған жанды өзіне баурауда.

1. Шайтан көпір (Германия)

Бұл әдемі  көпірдің үстіндегі жарты шеңбер доғаның бейнесі суға түскен сәтте, толық шеңберді құрайды. Көпір ортағасырларда салынған. Аңыз бойынша көпірді 1860 жылы жергілікті белгісіз сәулетші салған. Ол ауыр тастардан жасалған қиын көпірді аяқтау үшін  шайтанның көмегіне жүгінген. Екеуінің келісімі бойынша шайтан көпір аяқталған сәтте,бұл жерден ең бірінші болып өткен адамның жанын сый ретінде алуға тиіс болған. Солай зұлым күш сәулетшінің денесіне еніп, көпірді салуға көмектеседі. Бірақ, сәулетші өзінің айласы мен ақылы арқылы шайтанды алдап,судан жануарды өткізіп жіберген. Зұлымдық иесі ашуланып,суға секіріп сол жерде мәңгі қалған. Сол себепті ол әлі күнге дейін өзінің өшін алады деседі. Екінші аңыздар бойынша,сіз түнгі уақытта көпірден өтіп,қолыңызды суға тигізсеңіз тозақтың қақпасы ашылып,сіз зұлым күшке ие боласыз деген әңгімелер де тараған. Өкінішке орай, сізде бұл көпірден өтуге мүмкіндік болмайды. Көпірдің сақталуын және адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету  мақсатында кіреберістің айналасында адамдарды көпірден  өтпеуге шақыратын қоршаулар мен белгілер бар.  

2. Йонагуни пирамидалары (Жапония)

Жапонияның батыс Йонагуни аралының жанындағы жұмбақ су астындағы пирамидалар қазіргі археологтар  арасында көптеген  дүрбелең тудырды. Көптеген зерттеулер нәтижесінде Йонагуни пирамидаларының жасы 10 мың жылдан асатыны анықталған. Дегенмен,оның қалай пайда болғаны жайында әлі де нақты ақпарат жоқ. Кейбіреулері пирамидаларды судың әсерінен үшкірленіп жасалды десе,өзгелері бұл құрылым ежелгі тайпаның қолымен жасалған көркем дүние деген тұжырымға келген.

3.Тозақ қақпасы (Түркіменстан)

Тозақ қақпасы – жердегі алып отты тұңғиық. "Жер асты есігі" немесе "Тозақ қақпасы" 1971 жылы ашылды. Инженерлер Түрікменстанның Солтүстік шөліндегі табиғи газ кен орнын бұрғылап жатқанда, оның бір бөлігі жер асты үңгіріне құлаған. Кейін газдың одан әрі таралып, адамдар мен жануарлардың уланып қалуын болдырмау мақсатында, олар кратерді  өртеп жіберген. Жоспар бойынша өрт сөну керек болған .Алайда, ол ондаған жылдар бойына өшпей, жанып тұрған екен. Содан бері Дарваза-Түрікменстанның ең танымал жерлерінің бірі айналды.

4.Бермуд үшбұрышы (Атлант мұхиты)

Атлант мұхитында Флорида, Бермуд және Пуэрто-Рико арасындағы "үшбұрышта" соңғы жүз жылда көптеген теңіз және әуе кемелері із-түссіз жоғалған тыс аймақ бар. Ең танымал оқиға 1945 жылы тіркелген. Эвенджердің бес бомбалаушысы АҚШ Әскери-теңіз базасынан ұшып, жоғалған. Оларды іздеуге шыққан ұшақтар да белгісіз жағдайларда хабарсыз кеткен. Скептиктердің айтуынша болған оқиғаларға құмдар, циклондар мен дауылдар кінәлі. Бірақ көбісі ғылыми емес, керісінше мистикалық нұсқаларға сенеді. Мысалы, белгісіз аспан денелерінің, су асты "Атлантида" тұрғындарының адамдарды  тұтқында ұстауы  немесе тылсым күштердің ғажайып әсері деп ойлайды.

5.Қара бамбук қуысы (Қытай)

Қара бамбук қуысы - Қытайдың ең сұлу әрі мистикалық жері. Жүздеген гектарға созылған сирек кездесетін қара бамбук орманы –  сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес көрінісі бар аймақтың бірі. Сонымен қатар, ол ең үлкен ұлттық саябақ. Бірақ жергілікті тұрғындар мұнда серуендеуге асығыстық танытпайды. Себебі, орманда бірнеше түсініксіз құбылыстар байқалған. Бұл жерде жиі байланыс нашарлап,ұялы телефондар істен шығып, адамдар жоғалады. Жергілікті билік өкілдеріне адам жоғалу ісі жайында көптеген шағымдар келген. Онымен қоса, сырға толы мекеннің қысымы мен  климаты күрт өзгереді .Орманды қалың тұман басып кетуі де өте тез.  

6. Сахара көзі (Мавритания)

Сахара-әлемдегі ең үлкен құмды шөл. Ең қызығы бұл жерде мыңдаған жылдар бойы саяхатшылардың көзінен ғажайып жер жасырын тұрған. Ол мекен - Галб-Эр-Ришат, яғни араб тілінен аударғанда Сахараның көзі деп аталады екен. Ришат құрылымы Мавританияда (Батыс Африкада) орналасқан. Диаметрі 40-50 шақырым болатын сақиналардың ғалымдардың бағалауы бойынша, геологиялық  жасы шамамен 600 миллионға таяп қалған. Сахараның көзіне саяхаттаудың ең жақсы уақыты-желтоқсан айы. Ришат құрылымына барған сәтте  әуе шарымен  немесе тікұшақпен серуендеген  дұрыс. Өйткені  биіктіктен өте әдемі көрініс ашылып, үлкен көз сізге қарап тұрғандай сезім пайда болады.

7.Текендама сарқырамасындағы «De Salitto» қонақ үйі (Колумбия)

Колумбияның астанасы Боготадан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырымдық жерде орналасқан Текендама сарқырамасы жыл сайын мыңдаған адамды өзіне арбайды. Олардың көпшілігі аңғардың таңғажайып көріністерін тамашалауға келеді. Келушілер көп болғандықтан, 1928 жылы сарқыраманың сәнді көрінісімен салынған «De Salitto» өз уақытында өте танымал болғаны таңқаларлық нәрсе емес.Бірақ, қонақ үй 1990-шы жылдардың басында есіктерін күрт жауып, жұмысын тоқтатқан болатын. Кейбіреулер бұл аймақ қарғысқа ұшырады деп мәлімдейді.Көпшіліктің айтуы бойынша қонақ үй иелері   кәсібінен бас тартып, бұл жерден аулақ бол үшін тыныш жерге көшіп кеткен. Сол кезден бері бұл жер магнит секілді белгісіз тартылыс күшімен өзіне ажал тартады екен. Бұрынғы қонақ үй ғимаратында тұратын көптеген елестер туралы қауесеттер де әлі күнге дейін бар.

Ақжан Берікқызы