Weekend
Кітап – ең жақсы ұстаз
Ғалымдардың зерттеуінше һәм зиялылардың есептеуінше кітап оқу адамды рухани әрі интелектуалдық тұрғыдан дамытады. Бұл қарапайым пенденің пайымдауынша да дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Кітап – көркем ілімге толы адамдар пайымы. Технологияның қарыштап дамып келе жатқан кезеңі болғасын, заманына қарай адамы демекші, қоғамның санасында "жастар кітап оқымайды" деген тіркес қалыптасып қалғаны белгілі. Бірақ бұл пікірді қос қолдап қолдау қателік болар еді. Өйткені қазір де рухани толысып келе жатқан, өресі биік, кітап оқитын саналы жастар көп. Әлі де бұл қатарға енетіндер баршылық. Ол үшін адам өзін бұған үйрету қажет. Ендеше, кітапқа мұқтаж болу қажеттілігі туындамайтын заманда оны оқуға өзімізді қалай дағдыландырамыз?
Ең бірінші – кітап оқуды өзіңізді қызықтыратын тақырыптан бастаңыз. Себебі таңдаған шығармаңыз сіздің қызығушылығыңызды оятпаса, оны түсуінуіңізде екі талай болмақ. Ал бұл сіздің тек уақытыңызды жоғалтады.
Екінші – кітап оқудың бастапқы кезеңінде кітаптарды оқимын деп том-томдап жинап алудың еш қажеті жоқ. Сіз оны бәрібір оқып бітірмейсіз. Иә, бәлкім, ары кетсе үш күн тұрақты түрде оқырсыз, бірақ одан кейін зерігіп жалыға бастайсыз. Сондықтан көлемі шағын шығармаларды оқудан бастағаныңыз жөн.
Үшінші – кітапты бітіруге асықпаңыз. Оны тезірек аяқтау үшін бас алмай оқудың да қажеті жоқ. Ондай жағдайда миыңызға салмақ түсіріп аласыз. Миыңыз шаршағаннан кейін ондағы ақпаратты қанша оқысаңызда қабылдамайды. Сол үшін кітапты асықпай әрі зерделеп, зерттеп оқығаныңыз дұрыс.
Төртінші – кітап оқимын деп ниеттеніп, оны қолға алғаннан кейін тастап кетпеңіз. Бастадыңыз ба, аяқтаңыз. Бұл ең басты қағида.
Кітаппен бүгіннен бастап дос болатындарға сәттілік! Ал бұл жолда осы осы төрт қағиданы пайдаланып көріңіз!