ДАМУ

Қазақы тазы мен төбет тұқымының болашағы бар ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Күні кеше Шамалғанда қазақы тазы мен төбет көрмесі өтті. Тәуелсіздік алғалы шешімін таппаған мәселенің бірі – қос тұқымды патенттеу. Осыған байланыста еліміздің әр өңіріндегі атымтай жомарттар өз қалтасынан ақша шығарып, асыл тұқымды иттер көрмесін, шырға арту жарыстарын ұйымдастырып жатыр. Bugin.kz журналисі іс-шараға арнайы барып қайтты.

Көрме туристік орталықта болған соң шығар, көрермен аз емес. Тау етегінде қазақтың асыл тұқымды иттеріне қарап отырудың өзі ерекше сезім тудырады. Алматы қаласының маңында болған соң, Жаркент пен Талдықорған секілді өңірдегі серілер келмеген екен. Көбі Алматының өзінде тұратын жігіттер. Жарысқа бас-аяғы жиырмадан астам тазы мен отызға жетер-жетпес қазақы төбет келген.

Қазақы төбет тұқымы жойылуға шақ қалған. Оны көрмеге келген иттердің түрінен байқауға болады. Көбі өзге тұқыммен шатысқан, кейбір азаматтар «төбет» деп басқа итті әкелген. Шара барысында «таза қанды» деген төбеттер тиісті бағасын алып, мақтау қағаздарымен марапатталды. Ақшалай сыйлықтар да берілді.

Ал тазылар сайысы екі кезеңге бөлінді. Бастапқыда маман жүйрік иттердің дене тұрқына қарап баға берді. Құлағы мен құйрығының ұзындығы, аяқ сүйектерінің орналасуы, тісі мен терісі, төсінің жетілуі сынды әр мүшеге аса мен беріп: «Жақсы», «Өте жақсы», «Үздік» деген баға берді.

Артынан шырға тарту жарысы болды. Шырға – негізінен құстарды аңға үйрету мақсатында жасалатын дүние. Аңның терісін алып, ішіне шөп, малдың жүні секілді жеңіл заттарды салып жасалады. Міне, осы шырғаны қазір тек бүркітті баулуға ғана емес, тазы иттердің жүйріктігін анықтауға да қолданады. Себебі, әлемдік стандартқа кіру үшін тірі аңды олжа қылуға болмайды.

Екінші кезеңде тазы санының көп болуына байланысты үш топқа бөліп жарыстырды. Әр топтан алғашқы келген үш жүйрік бақ сынасып, ең үздігі анықталды.