ДАМУ

Жұрт алдында қобалжымай сөйлеуге көмектесетін 5 тәсіл

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Оратор жандар дүйім жұртты аузына қарататыны сөзсіз. Өйткені олардың ойын жинақы әрі анық жеткізгені, өздері сенімді екені байқалып тұрады. Алайда ел алдында сөз сөйлеу барлығына бірдей оңай бола бермейді. Егер сіз бұрын-соңды сахнаға шығып, сөз алып көрмеген болсаңыз, бұл мақалада жазылған кеңестер пайдасын тигізуі мүмкін.

Қиын тілде сөйлемеңіз

Иә, өте ұзақ сөйлемдер мен қиын терминдері бар сөздердің қажеті жоқ. Өйткені сіз алғаш рет жұрт алдына шығатындықтан, бастамай жатып қиналмаңыз.

Сахнаға шықпас бұрын, сізді тыңдайтын аудиторияны анықтаңыз. Соған сай қызығатын тақырып таңдап, қажетті материалдарды жинаңыз.

Сөйлер алдында мәтіндеріңізді жөндеп, қайталап оқып шығыңыз. Бастысы, өзіңіз түсініңіз, сонда өзгелер де оңай қабылдайды. Аудиторияны шаршататын сөздерді қолданбаңыз. Өзіңіз жайлы қысқа әрі қызықты хабарлаған соң, тақырыпқа ойысқаныңыз жөн.

Суретті сөйлетіңіз

Статистика бойынша, 60% адам визуалды ақпаратты жақсы қабылдайды. Сол үшін құр сөзге емес, презентацияңызға да ерекше көңіл бөліңіз. Дизайнын ойластырыңыз. Тақырыпқа сай суреттерін қойып, шрифтін біркелкі етіңіз. Бірақ артық қылам деп, тыртық қылып алмаңыз. Анимациялар, аралықтардың қажеті жоқ. Өйткені олар көрермен назарын қайта-қайта бөліп, уақытын да алады.

Әзілдеуден қорықпаңыз

Әзіл – аудиторияны баурап алудың тиімді әдісі. Керемет әзілдермен сөйлесеңіз, сөзсіз есте қаласыз. Өйткені қалжыңыңыз кейін талқыланады, ал бұл жеке брендіңізге пайдалы болмақ. Сонымен қатар залдың эмоционалды реакциясы сізге сенім береді.

Презентацияңызға күлкілі мем, суреттер қоссаңыз болады. Өмірден мысалдар келтіріңіз немесе жаттанды қалжыңдарды ұтымды қолданып көріңіз. Алайда тақырыптан ауытқымаңыз және өзгелердің ар-намысына тимеңіз.

Дайындық

Компьютерге презентацияны қосып, қолыңызға мәтінді алып дайындалыңыз. Айна алдында сөйлеу де өзіңізді қалай ұстайтыныңызды бақылауға көмектеседі. Сол кезде артық сөздер болса, бірден сызып тастаңыз. Даусыңызды жарқын-жарқын шығарыңыз. Егер қысылып тұрсаңыз, себебін іздеңіз. Достарыңызбен сөйлескендей еркін болыңыз. Осылай бірнеше рет дайындалуға кеңес береміз.

Қобалжуды қалай жеңеміз?

Қобалжу – барлығына, тіпті, тәжірибесі мол ораторларға тән сезім. Бастысы, дайындығыңыз жақсы болса, бұл сезімді де басуға болады. Ол үшін, алдымен, маңызды күннің алдында ұйқыңызды реттеңіз. Дәмді тамақтанып, көңіліңізді көтеріңіз. Ұнайтын музыка тыңдау да қобалужуды басуға көмектеседі. Сонымен қатар медитация мен дем алу жаттығуларын жасаған да дұрыс.

Егер алдын ала сахнаға шығу мүмкіндігі болса, сол жерде дайындалғаныңыз дұрыс. Көрермен ретінде достарыңызды отырғызып, солардың алдында сөз сөйлеңіз. Есесіне алдын ала ол жердегі аураны сезінесіз, қатеңізбен жұмыс істейсіз.