ДЕНСАУЛЫҚ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comСүт безінің қатерлі ісігі - бүкіл әлем бойынша және Қазақстанда әйелдер арасында ең көп таралған қатерлі ісік түрі. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының мәліметінше, 13 пен 90 жас аралығындағы 100 000 әйелге шаққанда 99,4 жағдай кездеседі. Қазақстанда жыл сайын сүт безі қатерлі ісігінің 5 мыңға жуық жаңа жағдайы анықталады. Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім құрылымында сүт безі қатерлі ісігі 3-орында және жыл сайын шамамен 1200 әйелдің өмірін қияды.
Сүт безінің аурулары бүкіл әлемде әйелдер үшін басты проблема болып қала береді. Дегенмен дәрігер-онкогинеколог, онкомаммолог Дидарра Аятханның айтуынша, алдын алу, ерте диагностикалау және емдеудің заманауи әдістерінің арқасында әйелдің өмірін сақтап қалу және аурудан соң толық қалпына келтіру мүмкіндігі айтарлықтай артады.
Ең ескеретін жайт - сүт безінің қатерлі ісіктері ешқашан ауырмайды. Сол үшін әйел ауруын білмей жүре беруі мүмкін. Мәселен сүт безінің қатерлі аурулары егер теріге жақын орналасса, 1-1,5 см-ден асатын болса ғана түйін ретінде сезілуі мүмкін. Немесе ол теріні ішке қарай тартып өсіреді, сол кезде теріде өзгеріс болуы мүмкін. Ал басқа жағдайда оны анықтау өте қиын. Оны тек дәрігер маммография, ультрадыбыстық зерттеудің арқасында ғана анықтап біле алады. Елімізде 40-70 жас арасындағы әйелдерге тегін скрининг жасауға арналған бағдарлама бар. Осы бағдарлама арқылы әрбір әйел әр 2 жыл сайын сүт безінің скринингінен өтіп отырса біз кішкентай түйіндерді анықтап, ерте уақыттан емдеу арқылы әйелдерді сауықтыра аламыз, - дейді Дидарра Аятхан.
Алдын алу шаралары сүт безі ауруларының қаупін азайтуда маңызды рөл атқарады. Үнемі өзін-өзі тексеру, салауатты өмір салты, қалыпты физикалық белсенділік, дұрыс тамақтану, темекіден және алкогольді шамадан тыс тұтынудан аулақ болу бұл аурулардың алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ ең маңызды факторлардың бірі - адамның психикалық жай-күйінің қалыпты болуы.
Денедегі туындаған аурулар адамның психологиясымен тікелей байланысты. Мұны әдетте психосоматика деп атайды. Салдарынан сүт безінің қатерлі және қатерсіз ауруларына тап болады. Мысалы сүт безінің өзі тек сүт беруді білетін дене мүшесі. Әйел адам тек сүт беріп, өзіне ешнәрсе ала-алмағандықтан оның бойында өкпе-реніш пайда болады. Эмоциялар жиналып, сүт безінде түзілулер болады.
Әйел адам өз бойындағы нәзіктік, жұмсақтық сынды әйелдік белгілерінен айырылып қалғанда да сүт безі сынды ауруларға бейім болады. Өйткені тағдырдың тәлкегімен әйел адамдар ер-азаматттардың жұмысын істеп кетуге мәжбүр болады. Психологиялық тұрғыдан әр әйел адам өз табиғатын, болмысын танығаны жөн. Бала кезден түрлі психологиялық кезеңдерді өткізеді, санасына дұрыс емес қағидаттарды енгізіп алуы мүмкін. Сол үшін өзімен жұмыс істеп, физикалық-психологиялық тұрғыдан ешкімге тәуелді болмауға ұмтылуы керек. Сонда мұндай ауруларға душар болмайды.
Егер ісік ерте кезеңдерінде анықталса, онкологиялық науқастардың 95% -ында емдеу сәтті жүзеге асады.
Сүт безі ерте анықталған жағдайда, яғни 1-деңгей кезінде анықталса әйелдің өмір сүру ұзақтығы әлдеқайда ұзақ болады. Егер одан да жоғары деңгейде анықталса, сәйкесінше өмір сүру ұзақтығы да қысқара береді. Бірақ бұл жерде ісіктің табиғаты да рөл ойнайды. Кейде кіп-кішкентай ісік, 1-деңгейде болса да табиғаты өте залалды, агрессивті болса әйелдердің де өмір сүру ұзақтығын азайтады. Кей ісіктер үлкен, 2 немесе 3-деңгейлі болса да, даму табиғаты, өсу процесі агрессивті емес болып келеді. Бұл жағдайда әйелдің де өмір сүру ұзақтығы артады. Сондықтан ісіктің көлемінен бұрын оның табиғатына қарап есептеп, анықтаймыз. Дей тұрғанмен емдеу үшін тек физикалық емес, психикалық тұрғыдан да ем жүргізетін болса, әйел адам өткен реніштерін еске түсіріп, психикалық мәселелерімен жұмыс істейтін болса нәтижесі де бірден көрінеді.