ДАМУ

Журналистің этикалық принциптері қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жуырда «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен «Журналистиканың негізгі машықтары: Тереңдетілген деңгей» атты тренингінде Өнертану докторы, PhD, Қауымдастырылған профессор Молдияр Ергебеков «Заманауи журналистика және медиа этика» тақырыбында қатысушыларға дәріс оқыды. Дәрістен үзіндіні ұсынып отырмыз.

Этика мен мораль

Этика мен моральдың арасында айырмашылықтың бар екеніне сенемін. Алдымен «Этика қайдан шықты?» дегенге тоқталып өтсем, бұл – көне гректің «этос» деген сөзінен шыққан ұғым. Гректерде адамның этосы болу керек деп қарайтын. Олар үшін елде қалыптасқан салт-дәстүр, күнделікті өмірді реттейтін ережелерді өте жақсы білетін адам этосы бар адам еді. Алайда нағыз этосы бар адам болу үшін ғұрыпты білу аздық ететін. Дәл осы дәстүр мен ережелерді сынап, түзете алатын жан ғана нағыз этосы бар адам деген атқа лайық болатын. Этостың бұл ерекшеліктері әлі күшін жойған жоқ.

Мораль – латын сөзі. Оның этостан айырмашылығы мұнда тек ережелерді білу ғана бар. Оны әрі қарай дамыту жоқ. Этика мен моральдың айырмасы барына сенемін дейтінім де сол себепті. Мораль –  белгілі бір қоғамға ғана тән дұрыстар немесе бұрыстар. Этика – дүниенің кез келген жерінде дұрыс не бұрыс деп саналатын ережелер. Мәселен, этика бойынша кісі өлтіруге болмайды дейміз. Бұл ой біздің елде де, Уругвайда да, Сиднейде де дұрыс болу керек.

Моральдың ондай талабы жоқ. Мәселен, қызды зорлап алып қашып кетті дейік. Бір қауымдастық үшін бұл норма болып есептеледі: қызды үлкендер көндіріп алып қалады, орамал салады. Сол қауымның моралы бойынша, бұл – дұрыс әрекет. Бірақ этика тұрғысынан, әрине, дұрыс емес. Сол үшін кез келген нәрсеге пікір білдіргенде моральдық па, әлде этикалық па, соған назар аудару қажет», - дейді профессор.

Этика не үшін керек?

Этика, ең бірінші, адамдар бір-біріне сену үшін қажет. Ол бар жерде сенім болады.

Сондай-ақ этика болмаса да, өмір сүре аламыз. Бірақ ол жоқ жерде – соғыс бар. Мұндай жағдайда жер тұрғындары өзара тіл табыса алмай, араздасып кетер еді. Хайуаннан кем болмас едік. Мәселен, жануарларда этикасыз өмірін жалғастырып жатыр ғой. Біз де солай болар едік. Этикасыз өмір сүру үшін бір адамның жалпы адамзатқа ашатын соғысына дайын болу керек. Кез келген жауласудың түбіне қарасақ, этикадан жұрдай тірлік тұрады. Оның нәтижесінде сол елдің халқы зардап шегеді.

Негізі әрбіріміздің іс-әрекетіміз адамдарға әсер етеді. Мысалы, ұшақта отырғанда, қол қоятын орын болады. Үш жолаушы сол екі қол қойғышқа таласады. Кім эгоист, сол қолын қойып, көсіліп отырады. Алайда бұл да – этикаға сай келмейтін әрекет.

Журналистің этикалық принциптері

Журналистің осы тұрғыдағы проблемасы XIX ғасырдың соңынан басталады. Сол кезеңде журналистиканың жаңа дәуірі басталып, саржағал баспасөз қарқын ала бастады. Нәтижесінде көптеген этикалық проблемалар пайда болды. АҚШ, Англияның осы салаға араласуы журналистиканың этикалық принциптерінің қалыптасуына себеп болды. Әсіресе, 1920 жылдардан бастап аталмыш елдерде журналистер қандай ережелерді бұзғаны және оны шешу жолдары жайлы зерттеулер жазылды. Мұны биліктегілер қаржыландырған еді. Екі елдің де зерттеу нәтижелері ұқсас болды: медиа бейтарап болуға тиіс, шындықты обективті түрде жариялаған жөн, медиаға үкімет араласпауы керек дегенді айтты. Сонымен қатар медиа өз-өзін реттеуі керек дегенді нұсқады. 60 жылдарға келгенде медиа өз-өзін басқару үшін қоғамда жауапкершілігі болуға тиіс деген тұжырым айтылды. Десек те, комиссиялардың бұл принциптерінің өзі де проблемаға толы. Өйткені объективті шындық жоқ екенін білеміз. Ол болмаған жерде объективтілік қайдан болсын? Сондай-ақ кей жағдайда бейтарап болуға міндеттіміз бе? Мәселен, бір бойжеткен зорлық-зомбылыққа ұшырып, одан соң оны өлтіріп тастаса, бұл оқиғада бейтарап болуға бола ма? Бейтарап болу керек деп, оны өлтірген адамнан «Не үшін өлтірдіңіз?» деп сұрап жатады. Ал екінші тарап өмірден өтіп кетті ғой, одан сұрай алмайсыз. Тіпті, кейбір сондай жағдайда құрбанды кінәлап жатады. Сол себепті, менің ойымша, кейбір мәселелерде бейтарап болуға міндетті емеспіз.

Сонымен қатар балалар ситуациясында да көп әділетсіздік болады. Бір-бірімен төбелесіп өлтіріп қойған жағдайдың өзінде балалар тарабын ұстану керек. Өйткені осы жағдайға жеткізген себептерді іздеу қажет. Қоғам ба, үкімет пе, отбасы ма, әдет-ғұрпымыз ба?..

Сонымен журналистің этикалық принциптеріне тоқталайын:

1. Журналистің бірінші міндеті – шындықты және қоғамның ақпаратқа қол жеткізу құқығын құрметтеу.

2. Журналист осы міндетін атқара отырып, жаңалықтарды адал жинау және жариялау бостандығын және әділ пікір мен сын айту құқығын әрқашан жақтап, қорғауы керек. Журналист нақты ақпаратты пікір және сыннан нақты түрде ажыратуға міндетті.

3. Журналист тек ресурсы белгілі фактілер туралы хабарлауы керек. Ол маңызды ақпаратты жасырмауы және құжаттарды бұрмалауы керек.

4. Журналист ақпаратты, құжаттарды, деректерді немесе суреттерді жинау үшін тек әділ әдістерді қолдануы керек және басқа адамға өзінің журналист екенін әрқашан айтуы керек.

Қоғамдық мүддені көздейтін және басқа жолмен жинау мүмкін емес ақпаратты алу жағдайларын қоспағанда, ол жасырын түрде аудио және бейнежазба жазудан бас тартуы керек. Журналистер барлық ақпарат көздеріне үздіксіз қол жеткізуді және қоғамдық мүддеге ықпал ететін ақпаратты еркін іздеу құқығын жақтап, қорғауы керек.

5. Шұғыл немесе жылдам ақпарат беруге деген құштарлық ақпарат пен ресурстарды тексеруге және жауап беру құқығына кедергі болмауы керек.

6. Журналист жариялағаннан кейін қате екені дәлелденген ақпаратты жедел, анық, толық және ашық түрде түзетуі керек.

7. Журналистерге берілетін құпия ақпарат көзі кәсіби құпия ретінде сақталуға тиіс.

Алайда журналист этикасының бұзылуына әсер ететін факторлар бар. Олар: үкімет, идеология ықпалы (саяси-экономия), жаңалық құндылықтары (уақыт, арақашық, нәтиже, өзекті болу, қызықты болу), жалпы контент структурасы.

Этика жайлы сөз қозғалғанда, бұл тек журналистерге ғана байланысты дүние емес. Жалпы қоғам да этикаға сай болып, медиасауаты дұрыс болуы маңызды.