Bugin
Атырау облысында екі күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 37 жастағы малшыны іздеп жатыр.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, бақташының жоғалғаны туралы кеше, 24 мамырда сағат 15:12-де хабарланған.
Бақташы болып жұмыс істейтін 1986 жылы туған жігіттің қыстақтан 23 мамыр күні жергілікті уақытпен сағат 17:00-де шығып кеткені анықталды. Қыстақ Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Содан бері одан еш хабар жоқ. Қыстаққа кері оралмаған, - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Малшының қай бағытта кеткені белгісіз. Оны іздестіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 5 қызметкер мен 1 техника тартылған. Құтқарушылар қатарында Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де бар.