ДЕНСАУЛЫҚ

Жасанды интеллект миллион адамды аман алып қалуға көмектесуде

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ғалымдар жасанды интеллекті (ЖИ)  өлімге әкелетін супербактерия түрін өлтіретін жаңа антибиотикті табу үшін пайдаланды. ЖИ зертханада сынауға болатын мыңдаған ықтимал химиялық заттарды бірнешеге дейін қысқартуға көмектесті. Нәтижесінде қолданар алдында қосымша сынақтан өткізу қажет ететін абауцин деп аталатын күшті эксперименттік антибиотик табылды.

Канада мен АҚШ-тың зерттеушілері де жасанды интеллект жаңа препараттарды ашуды айтарлықтай жылдамдату мүмкіндігіне ие екенін айтады. Бұл жасанды интеллект құралдарының ғылым мен медицинадағы революциялық күшке айналуының жарқын мысалы.

Супербактерияларды тоқтату
Антибиотиктер бактерияларды өлтіреді. Дегенмен жаңа дәрілер ондаған жылдар бойы жаңармағандықтан бактериялардың бізде бар дәрілерге төзімділік танытуға деген бейімділігі артуда. Әсерінен емдеу қиындай түсуде.

Зерттеулерге сәйкес, антибиотиктермен емделмейтін инфекциялардан жылына миллионнан астам адам қайтыс болуда екені анықталды. Ғалымдар бұл жолы жараларды жұқтыратын және пневмония тудыруы мүмкін ең проблемалы бактерия түрлерінің бірі - Acinetobacter baumannii-ге назар аударды.

Көпшілік бұл туралы естімегенімен, аталмыш бактерия түрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "сыни" қауіп ретінде белгілеген үш супербактерияның бірі.

Ол көбінесе бірнеше антибиотиктерді бірден жеңе алады. Сондай-ақ кез келген қабатта және медициналық жабдықтарда өмір сүре алатындықтан ауруханалар мен қарттар үйлерінде көп мәселе туғызады.

МакМастер университетінің докторы Джонатан Стокс оны "бірінші халық жауы" деп сипаттайды, өйткені ол "барлық дерлік антибиотиктерге төзімді" жағдайларды таба алады.

Жасанды интеллект
Жаңа антибиотикті табу үшін зерттеушілер алдымен жасанды интеллекті үйретуі керек болды. Олар нақты химиялық құрылымы белгілі мыңдаған дәрілерді қабылдап, оларды Acinetobacter baumannii-де қолмен сынап көрді. Осылайша олардың қайсысы оны баяулататынын немесе өлтіретінін білуге тырысты.
Бұл ақпараттар ЖИ-ға проблемалы бактерияға шабуыл жасай алатын дәрілердің химиялық сипаттамаларын білу үшін жіберілді.
Содан кейін ЖИ тиімділігі белгісіз 6 680 қосылыстардың тізіміне енгізілді. Nature Chemical Biology журналында жарияланған нәтижелер ЖИ-ға қысқаша тізім жасау үшін бір жарым сағат қажет болғанын көрсетті.

Зерттеушілер зертханада 240 антибиотикті сынап, тоғыз әлеуетті антибиотикті тапты. Олардың бірі керемет күшке ие абауцин  антибиотигі болды.

Зертханалық тәжірибелер оның тышқандардың жұқтырған жараларын емдей алатынын және пациенттерден алынған A. baumannii үлгілерін жоюға қабілетті екенін көрсетті.

Келесі қадам - ​​дәріні зертханада нақтылау, содан кейін клиникалық сынақтар жүргізу. Бір қызығы, бұл эксперименталды антибиотик бактериялардың басқа түрлеріне емес, тек A. baumannii-ге әсер етті.

Көптеген антибиотиктер бактерияларды кездейсоқ өлтіреді. Зерттеушілер абауциннің дәлдігі дәріге төзімділіктің пайда болуын қиындатады және жанама әсерлердің азаюына әкелуі мүмкін деп санайды.

Негізінде, ЖИ ондаған миллион әлеуетті қосылымдарды анықтай алады. Бұл - қолмен жасау мүмкін емес нәрсе.

"ЖИ жылдамдықты арттырады және идеалды әлемде бізге өте қажет антибиотиктердің осы жаңа кластарын табуға болатын шығындарды төмендетеді" - дейді дәрігер Стоукс.

Джонатан Стоукс Фото: bbc.com

Джонатан Стоукс Фото: bbc.com

Зерттеушілер 2020 жылы ішек таяқшасында ЖИ көмегімен антибиотиктерді табу принциптерін сынап көрді, бірақ қазір бұл білімді үлкен мәселеге назар аудару үшін пайдалануда. Содан кейін олар алтын түсті стафилококк пен Pseudomonas aeruginosa-ті зерттей түсуді жоспарлап отыр.

"Бұл жаңалық AI біздің жаңа антибиотиктерді іздеуді айтарлықтай жеделдете және кеңейте алады деген тұжырымды одан әрі қолдайды. Мен бұл жұмыс A. baumannii сияқты проблемалы патогендермен күресу үшін ЖИ-ды пайдалана алатынымызды көрсететініне қуаныштымын", - деді Массачусетс технологиялық институтының профессоры Джеймс Коллинз.