ДЕНСАУЛЫҚ
Қазір ішкі ағзалармен жүйке жүйесі, ұйқы безімен артық салмақ жинаған адамдар саны артып келеді. Дерттің жасарып бара жатқанын да байқаймыз. Осы орайда біз бүгін 20 жылдан артық тәжірибесі бар Шығыс медицинасының маманы, «Аружан» медициналық орталығының бас дәрігері Бақытжан Расулмен сұқбаттастық.
⦁ Бақытжан мырза, «Аружан» медициналық орталығы қандай қызметтер көрсетеді?
Біз шығыс медицинасымен емдейміз. Сондықтан, бірінші кезекте адамның ішкі ағзаларының дыбыстық және қан тамыр соғысын тыңдап, химиялық дәрілермен емес, табиғи шөп дәрілер, массаж бен диета жазып беру арқылы айықтыруға тырысамыз. Одан бөлек, орталықта тамырдан және бұлшық еттерден дәрілік егу қызметтері бар. Яғни, біз емдеу деңгейінен асқынып кетпеген ауруларды қараймыз. Бұл көп салалы біртұтас ем жасау технологиясы, яғни, бір аурумен келген адамға ине шаншу, шөп дәрі берумен қатар, массаж жасау, оның ауруын жан-жақты қадағалап, асқынбауына жол бермей, айықтыру. Өзім осы жерде бас дәрігер ретінде диагноз қойып, емдеу процедураларын бекітемін.
⦁ Диагнозды қалай қоясыз?
Қазақта тамыр ұстау деген сөз бар ғой. Бұл шығыс медицинасының ажырамас бөлігі. Яғни, келген пациенттің тамырын ұстап, оның қандай ауруға шалдыққанын анықтаймыз. Адамның тамырындағы сигналмен көзіне қарап, оның бетіне, тіліне түскен дақтарға қарап, науқасын анықтауға болады. Одан бөлек, сенімді болу үшін әрине медициналық қан сараптамасы және өзге де лабораториялық тексеру жолдарын қарастырамыз.
⦁ Орталықта қанша адам жұмыс істейді?
Он екі адам жұмыс істейді. Медбике, массажист, тазалықшы секілді мамандар бар. Бізде алыс аймақтардан келіп, арнайы жатып емделетіндер де бар. Оларға үш мезгіл тамағын пісіріп беретін аспазымыз да бар. Бір мезгілде он адам қонып ем ала алады. Күндіз-түні солардың жағдайын тексеріп, медициналық ем-шараларын жасаймыз.
⦁ Шөптен жасалған дәрілермен емдейміз дедіңіз ғой. Ол дәрілерді қайдан аласыздар? Өздеріңіз дайындайсыздар ма?
Жоқ. Бұл арнайы Қазақстан Республикасындағы қолдануға рұқсат берілген шөп дәрілер. Ол рецептпен жасалады. Оны біз өзіміз жасамаймыз. Көбіне Қытайдан дайын дәрілерді алдырамыз.
⦁ Ал сіз шығыс медицинасы білімін қай жерде меңгердіңіз?
Мен 2000-шы жылдардың басында Қытайдың Гуанжоу қаласында осы Шығыс медицинасына қатысты білім алып, кейін Қазақстанға келіп, «МақсатМед» медицина орталығында көп жылдар жұмыс істедім. 2015 жылы өзім осы «Аружан» медициналық орталығын аштым. Негізі бұл біздің әулетіміздің «ісі» деп білемін. Себебі менің әкем де, атам да халықты емдеген. Қазір әулетімізде 12 адам осы шығыс медицинасымен айналысады. Қазақстан, Қытай, Үндістан, Малайзия мен Англияда жұмыс істейді. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, кейде қол ұшын созып көмектесеміз. Әртүрлі диагноздарды емдеу туралы жаңа жолдарды да талқылап отырамыз.
⦁ Болашақта балаларыңыз сіздің ісіңізді жалғастырады деген үмітіңіз бар ма?
Менің балаларым әлі кішкентай. Бірақ олар да осы жолды таңдайды деп үміттенемін. Оны уақыт көрсетеді.
⦁ Қандай адамдар емделуге келеді? Қай жастағы және қандай аурулармен?
Көбіне 60-тан асқан адамдар келеді. Ұйқы безі, бауыр, жүрек аурулары. Негізі бізге емделуге келетін азаматтардың көбі ауруды уағында күтінбегендіктен асқындырып алған. Яғни, артық тамақ ішіп, ұйқысын бұзып, ауыр жұмыстар істеп, соның кесірінен ішкі құрылыстары зардап шеккен. Дер кезінде емделмей тыныштандыратын дәрілер ішіп, сосын асқынып, жанына қатты батқан кезде бізге келеді. Кішкене жұмыс істей тұрайын, сосын емделем деп сылтауратудың барлығы ауруды асқындырып жібереді. Яғни, бұл генетикалық ауру емес және көбіне байқағаным күз мезгілінде келетіндер саны көбейеді. Себебі адамдар жаз бойы тоқтаусыз тамақ ішіп, той-томалаққа барып, басқа да жұмыстармен жүйке жүйесін, асқазанын, ұйқы безін күтімде ұстамайды.
⦁ Бірнеше жылдық еңбек өтіліңіз бар. Ауру жасарып жатқан сияқты. Бұрын 80-де ауырған дертпен бүгінде 40-50-дегі адамдар ауырып жатыр. Себебі неде?
Иә, ол рас. Бұрын қазіргідей энергетик, қорқор сынды заттар бар ма еді? Жоқ, олар болмады. Ол кезде құнарлы тамақ ішті, еңбек етті. Қазір зиянды тамақтарды ішеді. Сол үшін қырық жасында сексен жастағы кісі сияқты ауырады. Бұрын мұндай кезде инфаркт, инсульт болмайтын. Сондай құнарсыз тамақ ішкеннен қан тамырлары қатайып, жүрек қызметі әлсіреп, нерв жүйесі жұқарады. Зиянды тамақтарды тұтынуды әбден әдетке айналдырған. Фастфуд секілді тамақтан ауырмаған ауруға шалдығып жатқан жастар да бар.
⦁ Қазір медицина қызметкерлері осы шығыс медицинасымен, халық еміне шағым айтып, сынап жатады. Мұның себебі неде?
Менің ойымша, бізге емделуге келген адамдар көбіне дертінен айығып шығады және халықтың сенімі мол. Сондықтан да олар бір қызғанышпен айтады деп ойлаймын. Негізі менің оларға айтар уәжім де бар. Мысалы, олардың білімін алайық. 5 жыл ғана оқиды, оның 2 жылы оқу, 3 жылы тәжірибе, ауруханаға жұмысқа кіре алады. Ал мен білім алғанда 3 жыл оқу оқып, 9 жыл тәжірибеден өттім. Адамның әрбір ағзасын бөлшектеп, оның жағдайын толық зерттеп шықтым. Сондықтан, білімді күшейту керек деп ойлаймын.
Ақниет Аманжолқызы
ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 2-курс магистранты