ТӘРБИЕ

Балаңызбен тіл табысуға көмектесетін қарапайым 3 әрекет

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кез келген ата-ана бағып-қағып отырған баласының бақытты болғанын қалайтыны сөзсіз. Оған өзара байланыстарыңыз ықпал етеді. Bugin.kz тілшісі 1 маусым балаларды халықаралық қорғау күніне орай ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қатысты бірнеше кеңестер ұсынады.

Сөйлесу

Кей ата-аналар бала ер жеткен соң ғана онымен сөйлесу керек деп ойлайды. Алайда сәби кезінен тілдесуді әдетке айналдырған абзал. Іште жатқан  кезінен нәрестеңізбен сөйлессеңіз, бөбегіңізді қолға алғаннан кейін де жақын байланыс орнатып аласыз. Осылайша сіз балаңызды ерте кезден тыңдап, онымен санасып үйренесіз. Мұны жастайынан көрген ұл-қызыңыз сізге ойын білдіруден тайсалмайды, пікірін ашық айтудан жасқанбайды. Өмірде болатын түрлі ситуацияларда сырттан жанашыр іздемей, сізбен кеңесетін болмақ.

Баланың ата-анамен сөйлесе алғаны арадағы қарым-қатынастың еркін болуына әсер етеді. Мұндай жеңіл қарым-қатынас болашақта маңызды шешім қабылдар кезде де баланың таңдау жасауына пайдасын тигізеді.

Қолдау

Әр бала кішкентай кезінен бастап түрлі нәрсеге әуес болады. Бірі сурет салуды ұнатса, енді бірі ән айтқандай жақсы көреді. Кейбірі, тіпті, ойыншықтарынан түрлі рөлдегі кейіпкерлерді құрастырып отырады. Мұның бәріне бей-жай қарамау керек немесе әзілге айналдырмаған жөн. Өйткені көп адам болашақта кім болатынын сәби кезінен білдіреді екен. Осындай қызығушылықтарына мән берсеңіз, балаңыздың арманына жетуіне де себепші болуыңыз мүмкін.

Қай уақытта да бала ең бірінші ата-анасынан қолдау күтеді. Өзгелерге күлкілі көрінетін әрекеттерін, ой-тілегін үйіндегі жанашырлары демеп жіберсе, бала шаттанып, шабыттанады. Өзінің дұрыс жолда екенін түсініп, әрі қарай еңбектене түседі. Ендеше балаңыздың қызығушылығына бей-жай қарамай, оны қолдауға тырысыңыз.

Сену

Ата-ана мен баланың арасында шынайы қарым-қатынас орнауы үшін сөйлесу мен қолдаудан бөлек, сенім де маңызды рөл атқарады. Өмірде түрлі ситуация болады. Мәселен, мектепте балаңызды істемеген ісіне айыптап жатса, сіздің ең бірінші реакцияңыз қалай болады? Бірден қызбаланып, балаңызға ашуланасыз ба? Сол сәтте мұғаліммен бірге балаңызға ұрсасыз ба? Өзгелердің көзінше оның сөзін тыңдамай, үлкендерге қосылып кетесіз бе? Әрине, мына қойылған сұрақтарға «иә» десеңіз, онда балаңызбен арадағы байланысты құртып жатырмын деп ойлай беріңіз. Олай болғанын қаламасаңыз, мұндайда салқынқанды болуыңыз керек. Мәселенің байыбына бару үшін балаңызбен сөйлесіп алыңыз. Оның еш кінәсі жоқ екенін білсеңіз, айқай-шуды ересектермен бірлесіп тоқтатуға болады. Міне, балаға сенім арту, оны тыңдау арқылы көп кедергіден құтыласыз. Ең бастысы, балаңызбен арадағы қарым-қатынасты нығайтасыз әрі бір-біріңізге сенімдеріңіз арта түседі.

Сіздің оған сенгеніңіз ғана емес, баланың да сізге сенімі мығым болуына назар салыңыз. Алдамаңыз. Уәде беріп, орындамай кетпеңіз. Кейде кішкентай білінер-білінбес өтіріктің өзі баланың жадында мәңгіге сақталып қалады. Сол үшін нәресте кезінен шынайы еркін байланыс орнатуға тырысыңыз.

P.S. Бұл кеңестер қарапайым көрінгенімен, отбасы тыныштығын сақтайтын кілт десек те болады. Кәдеңізге жарасын!