Bugin
Алматы облысы Есік қаласындағы балабақшалардың бірінде каратэ жаттықтырушысы балаларға қол көтерген. Қазір ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар ол балалардың ата-анасынан кешірім сұрады.
Дегенмен азаматтың бұл әрекетін қылмыс деп санамайтындар аз емес.
Қазір жаттықтырушы жұмыстан кеткен. Дегенмен ата-аналардың пікірі екіге бөлінді.
"Жаттықтырушының мұндай әрекеті, әрине, дұрыс емес. Өзіміз баламызды олай ұрмаймыз", – дейді Есік қаласының тұрғыны Жұлдыз Сағатбекова.
"Баламыз осы кісінің арқасында чемпион болған. Спорт болғаннан кейін неше түрлі жағдай болады. Ондайға шыдамайтын ата-ана баласын биге берсін. Елдің бетке ұстар азаматы болсын деп беріп отырмыз", – деді ата-ана Ербосын Нүсіпұлы.
"Фархат ағайдың арқасында Астанаға барып 1-орын алдым. Ол кісі өте жақсы адам. Ол тыңдамаған балаларға ұрсады. Себебі, тыңдамаса, олар дұрыс үйрене алмайды", – деді спортшы Қарлығаш Юсупова.
Желіде тараған видеодан балалардың күш сынасқанын байқауға болады. Кейін жаттықтырушы ескерту жасайды. Дегенмен балалардың тәртіпсіздігі тоқтамаған соң балаларға қол көтереді.
Ал медициналық сараптамада тәрбиеленушілердің денесінен ешқандай белгі анықталмаған. Дегенмен бұл жазаны жеңілдетпеген сыңайлы.
"Ол кісі Еңбекшіқазақ ауданына белгілі жаттықтырушы. Осы оқиғаға байланысты педагогикалық кеңес өткізіп, ол кісіге қатаң сөгіс жариялап, жұмыстан босаттық", – деді балабақшаның әдіскері Айнұр Түбекбаева.
15 жылдан бері бала жаттықтыратын Фархат Мұрсәлиевтің 60-қа жуық шәкірті бар екен. Ал өзі 5 баланың әкесі.
"Иә, аяғымды көтергенім рас. Бірақ қатты тигізген жоқпын. Ата-аналарды да түсінемін. Торғай да баласын қорғап шырылдайды. Ата-аналардан кешірім сұраймын", – деді жаттықтырушы Фархат Мұрсәлиев.
Қазіргі таңда ата-аналардың арызынан кейін жаттықтырушының үстінен іс қозғалған.
"Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергелу барысында. Бұл баппен 160 АЕК сомасында айыппұл және 160 сағатқа дейінгі түзету жұмыстары қарастырылған", – деді Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының орынбасары Айдос Жұмабаев.