ДАМУ

«Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының сценарийі қалай жазылды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Bugin Podcast-тың өткен санында "Ахмет. Ұлт ұстазы", "Міржақып. Оян, қазақ" телесериалдарының режиссері әрі сценарисі Мұрат Есжан қонақта болды. Автор екі телехикаяны тереңінен талқылап, қызықты мәліметтер айтты. Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы туралы туындының сценарийі жайлы подкасттан үзіндіні ұсынамыз.

Алаш жайлы телехикаяларды түсіру неге Ахметтен басталды?

Алаштықтар жайлы Ахметтен бастайын деген арнайы таңдау болған жоқ. Түпкі ойымда Ахмет Байтұрсынұлы тұратын. Өйткені ол тұлғаға ерекше тәнті болатынмын. Шығармашылық адамдарында көкейінде бір сұрақ болады: оны әуелі өзіңе қоясың, соған жауап іздей отырып, туынды дүниеге келеді. Сериалдағы Саңғытовтың Байтұрсынұлына «Осының бәріне қалай үлгердіңіз?» деген сауалы – негізі менің сұрағым. Қанша қиындықты көріп жүріп, осының бәріне қалай үлгерген деп ойлайтын ем. Сонша еңбекке қалай қабілеті, қажыр-қайраты жетті дейтінмін. Идея ойыма келгенде, деректі фильм болатын шығар деп топшылайтынмын. Бірақ «Қазақстан» ұлттық арнасының жобасы мен менің ойым сәйкес келе кетті. Осылайша тақырыпты зерттеуге кірісіп кеттік.

Сценарий жазуға қанша уақыт кетті?

Уақытты айту қиын. Ұшқын Сайдырахман досымыз екеуміз «Кинофондқа» Ахмет Байтұрсынұлы жайлы түсірейік деп ұсынсақ па деп жүргенбіз. Сол кезден моральды тұрғыда дайындық басталып кетті. Ал нақты кіріскеніміз – наурыз айы. Сонда негізі жазға дейін үш ай ішінде телехикаяны түсіріп бітіруіміз керек болған. Бірақ жұмыс процесі тағы созылды. Тамыз айы басталғанша сценарийді қырнай бердік. Жаңа ақпараттар қоса бердік. Жеті рет өзгерістер енді. Адамдарға қайта-қайта оқыттық. Әлемдік теорияда мұндай туындылар жылдап жазылады. Бірақ біздің қазақстандық тәжірибеде бұл көп уақыт деп есептеледі. Себебі біздің елде мына күні сценарий бітсін, мына күні кино бітсін деп, бәрін асықтырады. Ал біздің сериалға дайындық салыстырмалы түрде ұзақ уақыт алды десек болады.

Сценарий жазу үшін қанша кітапты пайдаландыңыздар?

«Ахмет. Ұлт ұстазы» біткен кезде соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімін бердік. Бұл – біріншіден, авторларға көрсеткен құрмет, екіншіден, өзіндік бір ерекшелік болсын деген ой. Мақала жазсаңыз да, қай әдебиеттен мағлұмат алғаныңызды көрсетесіз ғой? Сол секілді, телехикаяға да мәлімет алынған дереккөздерді жазған дұрыс деп шештік. Бұл да біреудің көз майын тауысып жазған еңбегі. Қателеспесем, тізімде 40-қа жуық әдебиет бар. Оның бәрін оқыдық деген сөз емес, ішінен қандай да бір деректі алдық. Бір грамм алтын алу үшін тонналап кен қазылады ғой. Сол секілді Ахмет жайлы ақпарат болуы мүмкін жердің бәрін дерлік қарап шықтық.

Мәліметті іздеп болдық-ау деген уақытта бір кітап алдымыздан шықты. 1922 жылы күзде Ташкентте Ахмет Байтұрсынұлының шәкірттері оның 50 жылдығын жасап береді. Әлгі кітапта сол кезде ұстазымыздың сөйлеген сөзі бар екен. Бұл мәліметті басқа еш жерден кездестірмедім. Кейін бұл дерек сценарийге қосылды. Телехикаяда Ахаңның мерейтойын көрсететін сахнаға оның аузына өз сөзін салып кеп жібердік. Мен үшін сериалдағы ең бір ұнайтын тұс сол болды. Ахметтің сол кезде «Мен қарапайым ғана мұғаліммін. Алған білімім де аз. Бірақ сол аз білімді қалай көптің пайдасына жұмсасам деп ой кешкен адаммын. Сендер де осыны істей аласыңдар. Бәріңнің қолдарыңнан келеді. Мен соған сенемін» дегендей керемет сөзі осылай аяқасты кітаптан табылған еді.