Bugin

«Қастандық па, салғырттық па?»: Қаралы күндер неге көбейіп жатыр?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Күні кеше Президент жарлығымен елімізде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі жарияланып отырған 5-қаралы күн. Осы уақытқа дейін 2019 жылы Bek Air ұшағының апаты, 2020 жылы 13 шілдеде коронавирус пандемиясына байланысты, 2021 жылы 29 тамызда Жамбылдағы жарылыс, 2022 жылы 10 қаңтарда Қаңтар оқиғасының салдарынан аза тұту күндері бекітілді.

Биыл да Семейдегі орман өртінен 14 өрт сөндірушінің қазасынан кейін қаралы күн бекітілді. 

Еліміз 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы аза тұту күні 2006 жылы Қарағандыдағы шахта апатынан кейін жарияланған. Содан кейін де араға 2-3 жыл салып елімізде аза тұту күндері жарияланып тұрды. 2008 жылы Метан жарылысы, 2010 жылы Қызылағаштағы су басу, 2012 жыл Арқанкерген оқиғасы, тағы да сол жылы әскери ұшақ апаты, 2013 жылы да ұшақ апаты, 2016 жылы Ақтөбедегі терракт сынды оқиғаларда жалпыұлттық аза тұту күндері жарияланды. Бірақ 2019 жылы биліктің ауысуымен қаралы күннің жыл сайын болып жатқанына не себеп деп қоғам қайраткері Жанұзақ Әкімге сұрау салып көрдік.

Әрине, бейбіт күнде аза тұту күндері көбейіп кеткені өкінішті. Бұл ұлттық трагедия болғанымен, бұрын аз еді, қазір көп деп салыстыра да алмаймыз. Себебі, от пен су сұрап келмейді. Дегенмен жауапты адамдардың жауапкершіліксіздігінен туындайтындықтан да оларды заң алдында жазалау керек. Жыртық үйдің иесі бар дегендей, мемлекеттің де иесі болуы керек. Мысалы Екібастұздағы жағдай да қазір шу басылған соң тексерілмей қалды. Бұл олай қалып қоймауы керек, - деп баса айтты қоғам қайраткері. 

Төтенше жағдайлар министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар апаттың ауқымы туралы қате болжам жасағанын және бұл қылмыстық немқұрайлылыққа жататынын президент те айтты. 8 маусымда Төтенше жағдайлар министрлігі «Семей орманы» ОФҚ аумағындағы ормандағы өрт 0,3 гектарды құрағанын хабарлады. 9 маусым күні түстен кейін өрт аумағы 30 мың гектарға дейін жетті.

Өрттің туындау және таралып кету себептеріне байланысты Ішкі істер министрі бүгінде әртүрлі нұсқалар зерттеліп жатқанын атап өтті. 

«Өрт қою, абайсыздық, найзағай түсу деген нұсқа бар. Сараптама және іздестіру шаралары жүргізіледі. Тергеуге екі ай уақыт берілді», - деп түсіндірді ІІМ басшысы Марат Ахметжанов. 

Қазіргі уақытта өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық бірлік техника жұмылдырылған. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 1 323 рет су төгілді, оның жалпы көлемі 4000-ға жуық тоннаны құрайды.

Бұл жерде Тоқаевтың өзі арнайы барып, қаза тапқандардың жақындарымен кездесіп жатқанын да айтпай кетуге болмайды. Бұрынғы президенттің мұндай оқиға ошақтарына барғанын жиі көрмейтінбіз. Бірақ болған іске тікелей жауапты тұлғаның бірі - президент. Себебі кез келген салада білікті кадрларды қою керек. ТЖ Министрі, Абай облысының әкімі, Экология министрінен жауап алынуы керек - дейді Жанұзақ Әкім.

Айта кету керек, өрт басталғанда оқиға орнына сол кездегі Төтенше жағдай министрі бармаған, ал  Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өз міндетін тиісті деңгейде атқармай, өрт болып жатқан аймаққа кеш барған. Осыған байланысты министр қызметінен қуылып, әкімге сөгіс жарияланды. Сондай-ақ президент қайтыс болғандардың туыстарына жан-жақты және толықтай көмек көрсетілетін айтты.

ІІМ басшысы Марат Ахметжанов Мәжіліс кулуарында бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге қатысты тексеріс жүргізетініне де тоқталып өтті.