Саясат

Екі жылдан соң елге жеткізілген экс-шенеунік кім?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін Тараз әкімінің бұрынғы орынбасары Қайсар Сарытай Грузиядан экстрадицияланды.

Халықаралық іздеу жарияланған экс-орынбасар 2021 жылдың желтоқсанында ұсталған еді. Оған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінінің хабарламасы да дәлел бола алады.

«Жамбыл облысы бойынша аумақтық департамент Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағының, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген сыбайлас жемқорлық қылмысын жасау күдігімен Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қайсар Сарытайға халықаралық іздеу жариялады.

Халықаралық ынтымақтастық аясындағы жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Грузияның құқық қорғау органдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және Ішкі істер министрлігі Интерпол ұлттық орталық бюросымен бірлесіп Қайсар Сарытай Грузия аумағында ұсталып, қамауға алынды».

Лауазымдық құзыретін асыра пайдаланып, 50 миллион теңгеден аса бюджет қаржысын ысырап қылғаны үшін күдікті деп танылған Сарытайды елге экстрадициялау енді ғана жүзеге асты.

2019 жылы 10 сәуірде Тараз қаласы әкімінің өкімімен орынбасар лауазымына тағайындалған Қайсар Амантайұлының өмір жолы қандай?

Сарытай Қайсар Амантайұлы 1970 жылы 20 тамызда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі – жоғары.

1989 жылы Жамбыл химия-механикалық техникумын «Техник-механик» және 1998 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.

Алғашқы еңбек жолын 1989 жылы Жаңа Жамбыл фосфор зауытында 4 дәрежелі слесарь-жөндеушісі болып бастаған.

1993 – 1999 жылдары Жамбыл облысы бойынша салық инспекциясында салық инспекторы, аға инспектор, Жамбыл облысы бойынша салық комитетінің бөлім бастығы, 1999 – 2001 жылдары Рысқұлов ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, 2002 – 2003 жылдары Жамбыл облысы бойынша салық комитетінің бас маманы, бөлім бастығы, басқарма бастығы, 2004 – 2005 жылдары Жамбыл облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарында болған.

2006 – 2015 жылдары Жамбыл ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің және 2016 – 2019 жылдары Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медалімен марапатталған.

Үйленген, бір ұл және үш қызы бар.

Қазіргі таңда экс-шенеунік Астана қаласындың тергеу изоляторында қамауда. Қайсар Сарытай 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.