ДАМУ

"Гендер пати" мен "Құрсақ шашу" бір дәстүр ме?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Батыстан бастау алып келген қазақ қоғамына жат мұндай мерейтой, көзге үйреншікті, құлаққа сіңімді болып бара жатыр. Ата-бабамыздан қалған салт болмаса да, елімізде "Гендер пати" тойлау әдетке айналды. Қазақы мәдениет қоржында болмаған жаңа дәстүрлермен толып жатыр. "Қазақ жастары тойлап жатқан жаңа дәстүр "Гендер пати" кеші ата-салтымыздағы "Құрсақ шашу" тойы емес пе?" деген сұрақ төңірегінде Bugin.kz тілшісі шолу жасады.

Гендер пати (Gender party) кезінде аяғы ауыр келіншек ультрадыбыстық зерттеу нәтижесін өзінен және отбасынан жасыруын сұрайды. Баланың кім екенін дәрігер кішкентай қағазға жазып береді. Ал ол қағазды жұп өздерінің жақын адамына досына, туысына, құрбысына беріп жатады. Кешті ұйымдастыру мәртебесіне ие болған жан жағымды жаңалықты ұл болса -  көк, қыз болса – қызғылт түспен шардың ішіне, тәтті тортқа немесе қорапқа жасырылған басқа да атрибут арқылы жеткізуі мүмкін. Нарықта бұл кешті арнайы ұйымдастырып беретін қызмет түрлері күн санап артып келеді. Аталмыш дәстүрдің қазақ қоғамына келгеніне көп бола қойған жоқ. Оның мағынасы ағылшынның gender – (адамның жынысы) сөзінен шыққан. 

Құрсақ шашу - ұлттық дәстүріміз. "Құрсақ шашу" немесе "құрсақ тойы" - аяғы ауыр келіншекке арнап өткізілетін той. Келіннің аяғы ауырлағаннан бастап, үлкен жауапкершіліктің бір бөлігі енеге жүктеледі екен. Сондықтан қуанышты жаңалықты естіген соң, енесі кішігірім той жасайтын болған. Мұндай тойдың мақсаты – келінге күтім жасау, ана мен бала денсаулығына қатты назар аудару болған.  Бұл, біріншіден, дүниеге келер нәрестенің алғашқы тойы болса, екіншіден, аяғы ауыр ананың да қамын ойлап, соған жағдай жасаудың амалы. Думанды тойда үлкен дастарқан жайылады, үлкен-кішілер келіншектің көңілін аулайды. Ал құрбылары мен абысындары ақыл-кеңестерін айтады.

Бойына бала біткен келіншек көп жағдайда тәбеті тартпай, жерік болады. Оны "итжерік" деп атайды. Келіннің тәбетін ашатын тамағын тауып беру де ененің мойнында болған. Өйткені ертеңгі күні келіншектің жерігі қанбаса, баланың толыққанды жетілуі екіталай, кейін баланың аузынан сілекейі аға беретін болады деген ырым да бар. Сондықтан думанды жиынға келгендер келінге арнап әртүрлі тағам әкеліп, ауыз тигізеді. Жерік кезде жеген дәмде де көп мән бар деп саналады. Ата-бабамыз баланың болашақта кім болатынын соған қарап болжауға болады деп санаған. Мысалы, анасы көкөніске жерік болса, бала ширақ, шапшаң, өмірге құштар болады екен. Кесек көмірге жерік болса, бала бос, өмірге икемсіз болмақ. Ал тек біреудің тамағын жегісі келіп тұрса, бала келешекте үйде тұрмайтын, үнемі түзде жүретін болмақ деп санайды. Жерік келіншектің қалауын тауып тойдырған адам үлкен сауапқа кенеледі деген де ырым бар. 

Сағыныш Нұрахметова