Саясат
Комсомолдың жүзжылдығы біз үшін қай жағынан болса да жақсы саяси сабақ болып шықты
Комсомолдың қатарында болмадым, бірақ мемлекеттік-саяси қызметке араласқалы бері, үш комсомолдықтың қол астында жұмыс істеп, тәрбиесін алдым. Мемлекеттік қызметте жүргендер біледі, комсомолдықтар деп атайтын басшылардың қасында жұмыс істеу ең бір азапты жұмыс, әскери қызметте жүргенмен бірдей. Өйткені олар бір мазасыз басшылар – күндіз түні ойлайтындары сол жұмыс, сенбі, жексенбі, демалыс дегенді білмейді, қашан тынығып, күш жинайтындары да белгісіз.
Мен болсам сол жәй комсомолдықтар емес, ал солардың ішінде ең бір белсенді басшылар болып саналатын Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев пен Нұрлан Нығматулин сияқты азаматтармен қызметтес болдым. Осы кісілердің жанында жүріп, қалай идеологиялық, солай ұйымдастырушылық тәсілдерді бірдей меңгеріп, біраз тәжірибе жинадым. Әрқайсысымен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен бір мектеп болды. Әрқайсысы бірінен бірі өткен педант. Жазған қағазыңды жәй бір шолып өтпейді, ал мұқият оқып, мектептегі үй тапсырмасын тексеріп отырған мұғалімдер секілді, қою қара сия қаламмен әрбір жіберген қатеңді тауып, астын сызып, жазғаныңның үстіне шымайлап небір тағы бір ойларды қосып жібереді. Сөйтіп, күніне төрт бес рет кіресің, кірген сайын тағы бір қате тауып, тағы бір жаңа сөз тіркестері мен цитаталарды қосып жібереді. Сонда мен газетте істейтін журналист, ал олар сол газеттің редакторлары болса ғой, жоқ, ара арасында адамдарды қабылдап, тұрғын үй, құрылыс, жол мәселелері бойынша жиналыстарды өткізіп, талай шаруашылық мәселелерді тас-талқан етіп шешіп жатады. Тыңдап, бақылап отырсаң, өмір бойы сол құрылыс, жол мәселелермен айналысып жүргендей, бәрін біледі, бәрінен хабардар. Ақын-жазушыларды ертіп келсең, олардың жазған әңгіме өлеңдерін жатқа өздеріне айтып жатады. Сөйлесе әрқайсысы сөзге шешен, мақал мәтелдетіп, өмірдегі мысалдары келтіре, кез келген аудиторияны өздеріне бірден оп оңай ақ баурап алады. Яғни, білімпаз, оқымысты, және өздерінен көп білетін, көп оқитын азаматтарды қастарына жинап жүреді. Осы күнге дейін оқыған кітаптарымызбен алмасым тұрамыз.
Комсомолдықтардың ұйымдастырушылық қасиеттері бір бөлек. Жауапты іс шараларды сондықтан негізінен соларға жүктейтін. Себебі, атқаратын істеріне адал, жауапкершілікпен жасайды. Кез келген іске тиянақты, майда шүйде сұрақтар олар үшін жоқ, бәрі олар үшін маңызды, бәрі жедел, бәрі негізгі. Барған жерінде әскерилер сияқты тәртіпті орнықтырып, қарамағындағларын сап-сапқа түзеп, майданда жүргендей қатал мінезбен басқарып отырады.
Қысқасы, айтайын дегенім, комсомолдық олар үшін идеология емес, ол басқару, ұйымдастыру тәсілі. Бүгінде жас чиновниктер мұхит асып Гарвардтағы Кеннеди басқару мектебіне барғаны сияқты, комсомолдықтар үшін де сол бір кез бір мектеп, ал олар сол мектептің түлектері. Мына соңғы оқиғада, комсомолдықтарды пәлеге ұрынғандары сол тиянақтылығы, баяғы әдетпен жоғарыда деңгейде жасамақ болып, әрлеп, әсемдейміз деген талпыныстары.
Әрине, Алаштықтардың жүзжылдық тойы көлеңкеде қалып, ал комсомолдың бір ғасырлық тойы дүркіретіп аталып жатқаны шынымды айтсам мені қынжылтады. Бірақ, былай қарап отырсаң бәрі де дұрыс. Неге?! Себебі, кім, қалайша біріге, ұйымдаса алды, солай тойын тойлады, атайтынын атады. Алаштың жүзжылдығын да солай дүркіретіп өткізуге болар еді, тіпті одан да асырып жіберуге де мүмкін еді. Бірақ, әр жерден бір шулап, айтып айтып қойдық. Сөзге мықтымыз, ал нақты іске келгенде, әрқайсының мыңдаған сылтауы шыға келеді. Мойындау керек, Алаш идеясы риторика деңгейінен аспай қалды. Ал, шын мәнісінде, алаштықтар мемлекеттілікті басты мақсат етіп, азаттық үшін күрес бір бөлек, ал сол дербес, тәуелсіз мемлекетті сақтап, қорғап тұру үшін саяси мемлекеттік басқару тәсілдерін де барынша меңгеруді насихаттаған болатын. Сондықтан, комсомолдың жүзжылдығы біз үшін қай жағынан болса да жақсы саяси сабақ болып шықты.
Дереккөз: tarlan.kz